"Жұлдыздар дерті": Лайм ауруы туралы не білеміз?

Соңғы жылдары Лайм ауруы (кене боррелиозы) голливуд жұлдыздарының арасында жиі кездеседі. Оның созылмалы түрімен Иоланда, Белла және Анвар Хадид, Аврил Лавин және Бен Стиллер ауырады. Енді олардың қатарына Джастин Бибер қосылды.

Джастин Бибер өзінің инстаграмдағы парақшасында соңғы екі жыл бойы Лайм ауруымен күресіп жүргенін хабарлады.

"Мен үшін соңғы екі жыл ауыр өтті. Көпшілік Джастин Бибер есірткіге құмар, сол үшін түрі нашарлап кетті деп санайды. Бірақ олар менің диагнозымды білмейді.", – деді әнші.

Әнші "емі жоқ аурумен" күресуіне көмектесетін "дұрыс ем" қабылдап жатқанын да айтты. Ендеше, голливуд жұлдыздарынан жиі еститін Лайм ауруы туралы не білеміз?

Лайм ауруын боррелия деп аталатын бактерия қоздырады. Олар кене шағуы арқылы тарайды. Бұл ауру Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада кең таралған. Ол грипп ауруы секілді басталуы мүмкін. Лайм ауруы адамнан адамға жұқпайды.

Ауру белгілері кене шаққан соң бірнеше күн және апта өткеннен кейін пайда болады:

- Кене шаққан жердің бөртіп кетуі. Кене шаққан жер алдымен сақина секілді қызарып тұрады да, уақыт өте үлкеюі мүмкін.
- Безгек ұстау;
- Шаршай беру;
- Буындардың қатты ауыруы;
- Жүрек соғысының баяулап кетуі;
- Бас ауруы және мойын тұсының ауырлап кетуі;
- Буындардың құрсуы.

Егер бұл ауруды уақытында анықтамаса немесе емдемесе, жылдар өткен соң мынадай белгілер сақталады:

- Буындардың ауруы және ісіп кетуі;
- Есте сақтаудың нашарлауы және ойлау процестерінің баяулауы;
- Тері мәселелерінің, яғни, ісіктер, бөртпелер, безеулердің пайда болуы.

Боррелиозды антибиотиктермен емдейді. Оның белгілері кейде жылдам кетсе, кейде айларға созылады. Бастысы – емді уақытында бастау. Кей емделушілерде ем алғаннан кейін ағзада ауруды шақырған бактерия қалмаса да, аурудың бірнеше белгілері (буын аурулары мен тез шаршау) қалып қояды. Мұндай белгілер бірнеше айдан бірнеше жылға дейін сақталуы мүмкін. Неліктен олай болатынын әзірге дәрігерлер де білмейді. Сондықтан кейде оны "емі жоқ ауру" деп те атайды.

Бұл ауруды алдын алудың ең жақсы жолы – кене шағуынан қорғану. Кенеден сақтану жолдарын мына жерден оқи аласыздар.