Гипотиреоз деген не?

Гипотиреозды ауру дегеннен гөрі қалқанша безі гормонының төмендеген кезіндегі тәндегі жағдай деуге келеді. Бұл осы эндокриндік ағза жұмысының нашарлағанын көрсетеді. Гормон алмасудағы өзгерісті айқындайды.

Дерт қалай пайда болады?

Гипотиреоз – эндокриндік жүйенің аса жиі кездесетін сырқаттарының бірі. Оның ең асқынған түрі ересектерде микседема, балаларда кретинизм деп аталады. Яғни ақыл-ой мен физикалық даму болмайды. Сырқат алғашқы және қайталанған гипотиреоз болып екі түрге бөлінеді. Алғашқы гипотиреоз кезінде қалқанша без бөлетін гормон, ағзаның ақауға ұшырауы садарынан туындайды. Қайталанған гипотиреозға гипоталамус – гипофизарлық жүйедегі кесел себеп болады. Өйткені қалқанша без жұмысы негізінен осы жүйе арқылы басқарылады. Кей жағдайда гипотиреозға не себеп болғаны анықталмай, белгісіз күйінде қалады. Ондай кеселді идиопатия гипотиреозы деп атайды. Гипотиреоз дамуының бірнеше жолы бар. Оның алғашқысы – зақымдаушы, медицина тілімен айтқанда альтерациондық гипотериоз деп аталады. Бұл сырқат қалқанша без тіндерінің тікелей иммун жүйесі зақымдалуынан туындайды. Ол зақымның жарақат, сәуле, медикаментоз, температура, паразитар және басқа да түрде болуы ықтимал.

Йод жетіспеушілігі гипотиреозы

Бұл тәнде йодтың тапшылығын білдіреді. Соның салдарынан қалқанша без жеткілікті мөлшерде гормон жасап шығара алмайды. Олай болатын себебі оның құрамында йод болуы керек. Алғашқы гипотиреоз 2 түрге бөлінеді. Оның біреуі – туа пайда болған, екіншісі – жүре пайда болған гипотиреоз. Туа пайда болған гипотиреоз қалқанша без мүлдем болмағанда немесе дұрыс жетілмеген жағдайда туындайды.

Қалқанша без гормонын түзетін ферменттерде кейде тұқым қуалаған ақау да ұшырасады. Мұндай кезде қалқанша бездің йодты игеруіне кесел келеді. Жүре пайда болатын алғашқы гипотиреозға келсек, ол қалқанша безді оталау жолымен алып тасталғаннан кейін пайда болады. Сонымен қатар қоршаған ортадағы радиацияның әсері, радиоактив йод препараттары мен басқа да дәрі-дәрмектерді қолданып, қалқанша бездің ісікті сырқаттарын емдеу салдарынан да туындайды. Мұндай кеселдер қатарына қалқанша бездің жұмысын төмендететін жемсау ауруының эндемиялық түрлері де жатады. Қайталанған гипотиреоз сырқатының туындауына осының алдында айтқанымыздай, гипофиз немесе гипоталамус бездерінің ақауға ұшырауы себеп болады. Гипофиз бен гипоталамустың мұндай кеселді күйге тап болуы қалқанша бездің жағдайын нашарлатады және жұмыс белсенділігін төмендетеді.

Негізгі түрлері

Аурудың ауыртпалығына қарай алғашқы гипотиреоздың өзі жасырын (латент) және айқын (манифест) болып екі түрге бөлінеді. Жасырын алғашқы гипотериоз кезінде сырқат белгісі байқалмай-ақ, гипофизден бөлінетін тиреотроптық гормон көбейіп кетеді. Алғашқы гипотиреоздың айқын түрінде гипофиздің тиретроптық гормон өнімі анық көтеріледі. Ал қалқанша бездің бөлетін тироксин гормоны төмендейді. Жасырын және айқын сырқат түрлерінің де асқынуы ықтимал. Мұндай асқынулардың аяғы ақыл-ой және дене кемістігіне немесе кретинизмге, жүрек жұмысының нашарлауына, гипофиздің қайталанған аденомасына, т.б. кеселдерге алып келеді. Гипотиреоз кеселі неғұрлым ерте басталса, соғұрлым терең асқынуларға ұшыратады. Іштен туа болған гипотиреоз дұрыс әрі уақытында емделмеген жағдайда ақыл-ой мен дене дамуының кенжелуіне, орталық жүйке жүйесіндегі ақауға, сүйек жүйесінің дұрыс жетілмеуіне әкеліп соғады. Сәби немесе жасөспірім кезде гипотиреозға ұшырау орталық жүйке жүйесін кеселге шалдықтырып, бойды өсірмей тастайды. Жастық шақта да, есейген кезде де гипотиреоз кеселі микседемалық күйге ұласқанша баяу дамиды. Ал қартайған кезде оның белгілері байқала бермейді.  Оны жастың ұлғайғаны деп көбіне асқындырып алады. Іштен туа біткен гипотиреоз созылмалы сары ауру, іш қатуы, қозғалыстың, жүріс-тұрыстың қиындауынан білінеді.

Гипотиреоз сырқатының негізгі белгілері:

– Терінің сарғаюы, ерте пайда болған атеросклероз;

– Микседематоз ісік. Оның ішінде көз маңайындағы ісік, мұрынмен демалудың қиындауы мен есту қабілетінің төмендеуі, мұрынның шырышты қабығында және құлақтың есту түтікшесінде ісіктің түзілуі, дауыстың қарлығуы;

– Ұйқышылдық, психикалық үдерістердің баяулауы, яғни ойлаудың, сөйлеудің, сезінудің нашарлауы, есте сақтау қабілетінің кемуі;

– Жедел қозғалғанда, жүргенде тез ентігіп қалу, жүрек тұсы мен кеуденің ауруы, жүрек жиырылуының сиреуі, көлемінің ұлғаюы, жүрек жұмысының жетімсіздігі, гипотония (қан қысымының төмендеуі);

– Іш қатуына, жүрек айнуына, іш кебуіне бейімдік, бауырдың ұлғаюы;

– Қан аздығы;

– Шаштың құрғауы, түсуі және үзілуге бейімдігі. Тырнақта тік және көлденең жолақтардың түзіліп, сынуға бейім тұруы;

Дертке қарсы ем-шаралар

Гипотиреозды эндокринолог дәрігер емдейді. Емдік шаралардың мақсаты – денеде тиреоидтық гормондардың деңгейін қажетке сай ұстау. Гормон мөлшері әр науқастың жай-күйіне қарай жеке-жеке тағайындалады. Ем барысында тамырдың соғысы, ЭКГ көрсеткіші, қандағы холестирин мөлшері бақылауда ұсталады. Науқасқа дәрі-дәрмек гипотиреозды тудырушы себептерге және өзінің жай-күйіне байланысты тағайындалады. Оның бұл препараттарды бірнеше ай, бірнеше жыл немесе ғұмыр бойы қабылдауы мүмкін. Уақытында әрі дұрыс емделген жағдайда дерттің негізгі белгілері жойылады. Науқас кісі еңбекке жарамды қалпына қайтып оралады. Ал қайталанған гипотиреозды мұқият емдемеген жағдайда да бірден айығып кетпейді. Түбегейлі сауығу үшін оған себепкер болып тұрған негізгі кеселді емдеп, сауықтыруға тура келеді. Денеде йод жетіспеген жағдайда оны тиісті мөлшерде арнаулы дәрі түрінде тағайындайды. Науқас йодпен өз бетінше емделуге аса сақ қарауға тиіс. Себебі оны мөлшерден тыс пайдалану денсаулыққа зақым келтіреді. Бұдан әсіресе қалқанша безге ауыртпалық түседі. Оның жағдайы нашарлайды. Сондықтан емделуді мүмкіндігінше ерте бастаған дұрыс. Сонда ғана кеселді асқындырмау мүмкін болады. Мұны әсіресе балаларға қатысты мұқият есте сақтаған дұрыс. Жоғарыда айтылған белгілер білінгенде, тездетіп дәрігерге тексерілу қажет.