Жұқарған жүйке жүйесі

Жүйкенің жұқаруы – бүгінде кең тараған кесел деуге болады. Көрінген нәрсеге көңіл бөліп, тез ренжитін, аяқ астынан ашуланатын, ызақор, кінәмшіл адам бүгінде екі үйдің бірінен ұшырасады. Адамдар ондай жандармен сақтанып сөйлесуге, көңіліне келіп ренжітіп алмауға тырысады. Бұл кеселдің пайда болуына түрлі жағдайлар себеп болады. Сонымен қатар оны  сырт көзбен бақылап, іс-әрекетіне қарап аңғару қиын емес.

1. Діттеген межесіне жете алмаған жандардың жүйкесіне азды-көпті жүк теседі. Себебі өзін жоғары бағалап келіп, кенет ештеңеге қолы жетпегенін сезіну, адамның мінез-құлқына өзгеріс енгізуі, жан-дүниесін жүдетуі мүмкін. Көңіліндегі биіктен немесе өзі ойлаған деңгейден табылу көп күш-қайратты талап етеді.

2. Өзіңді-өзің төмен бағалау, қашанда жүйкеге жүк түсіреді. Өзіңді өзгелермен салыстыру мен өзгенің өміріне қызығу, араласу жақсы жерге алып бармайды.

3. Жүйкесі жұқарған адам «күн жаумай су болып» жоқтан өзгеге уайым жеумен қатар, төңіректегі болып жатқан іс-әрекеттің бәріне енжар, ықылассыз қарайды. Сонымен қатар табиғатынан күйгелек, уайымшыл жандарда мұның аяғы торығуға, тіршіліктің тауқыметінен көңілдің қайтуына ұласады.

4. Жүйкесі жұқарған кісі озбырлыққа салынып, өзінің көңіл-күй ауанына ілесіп, маңайындағыларды себепсіз ренжітуі жиі ұшырасады. Ондай жандарда байсалдылық, ұстамдылық, бір нәрсенің себебіне байыптап қарау көбіне кездеспейді.

5. Бұл кеселге шалддыққан адам өзгенің сөзін шамданып, шыдамсызданып тыңдайды. Сонымен қатар  біреудің жанға бататын сөзіне, көрсеткен қылығына төзбейді. Тілдеп тастаудан, жұдырық ала жүгіруден тайынбайды.

6. Жүйкесі жұқарған адамның жұмыс қабілеті де күрт төмендейді. Шаршап-шалдығып, үнемі ұйқылы-ояу жүретін күйге түседі. Бұл кеселдің салдарынан кісінің жалпы денсаулығы сыр береді. Мысалы, қан тамырларының, тер шығаратын бездердің, кейбір ішкі ағзалардың жұмысы бұзылады. Бұлшық ет, аяқ-қол сіңірлері ауырады, сыртқы әсерді сезіну қабілеті төмендейді.

Жұқарған жүйкені емдеу

Бұл кеселге шалдыққан адамды ауруынан айықтыруда оның отбасына, маңайындағыларға жүктелер міндет аз емес. Оның іс-әрекетіндегі оғаштыққа күлуге де, ұрысуға да болмайды. Науқастың бойынан кемшіліктен гөрі жақсылықты көбірек көруге тырысу қажет. Оның сөзін де, атқарған ісін де елеп-ескеріп, мадақтап, мақтап отырған жөн. Ал ескерту айтуға тура келсе, оны тек сыпайылап жеткізіңіз. Сонымен қатар ондай жанның таза ауада серуендеуді әдетке айналдырғаны, белгілі бір күн тәртібін ұстанғаны жөн және еңбек ету мен дұрыс тамақтануды, ұйқыны дұрыс жолға қою қажет. Егер де науқастың көңіл-күйі бұзылып, жағдайы нашарлай бастаса,  оның тынығуына, тіпті болмай бара жатса дәрігерге барып көрінуіне көмектесіңіз. Жүйкесі жұқарған адамды емдеумен невролог, психиатр және психотерапевт мамандар айналысады.