Адам оттегісіз қанша уақытқа шыдайды?

Адам оттегісіз қанша уақытқа шыдайды?
Фото: mindfulminutes.com

Оттегісіз қанша уақытқа шыдауға болады? Статистикаға сенсек, қарапайым адам ауасыз 2-5 минут қана шыдай алады екен. Ары қарай миға оттегі жетіспеушілігінен есінен танып, қайтыс болады. Мысалы, 2013 жылы 32 жастағы Николас Меволи бір деммен 70 метрге сүңгуге әрекет еткен. Бірақ арты қайғылы жағдаймен аяқталды. 

Адамзат қазір ғарыш кеңістігі мен су әлемін зерттеуді мықтап қолға алды. Бұл екі ортада да оттегі жоқ. Шын мәнінде адам ағзасы шынықса, 5 минуттан көп уақыт шыдай алады. Қазіргі әлемдік – рекорд 22 минут. Әрине оған дейін талай рекорд орнатылды. 

2008 жылы итальялық сүңгуші Джанлука Генони 18 минут 3,69 секунд демалмады. Сөйтіп, Гиннес рекордтар кітабы енді. Джанлукадан соң бірнеше адам оның рекордын жаңартты. Дегенмен, қазіргі таңда ауасыз ең ұзақ уақыт су астында тұра алған неміс драйвері Том Ситас болып тұр. 2012 жылдың 3 маусымында ол жаңа рекордқа қол жеткізді – 22 минут 22 секунд. Әзірге бұл – соңғы рекорд. 

Жоғарғы шек

Тыныс алу шегі – оттегінің қаншалықты төмен концентрациясы мен көмірқышқыл газының мөлшері қаншалықты жоғары болатынына байланысты. Екеуінде де  метаболизм жылдамдығы маңызды. Мұхит түбіне түсетін сүңгуірлер оттегін тұтынады және көмірқышқыл газын суда қозғалмай жатып тезірек шығарады. Кәсіби чемпиондар бұл спортта медитацияның маңыздылығын айтады. Су түбінде ұзағырақ тұру үшін жүрек соғысын бәсеңдету керек. Ол үшін басыңнан жаман ойларды шығарып, су астына сүңгіместен бұрын жиі-жиі терең дем алу керек. Зат алмасуды бәсеңдетудің басқа тәсілдері бар. Мысалы, 1986 жылы мұзды ағынға құлаған екі жасар америкалық сәби – Мишель Фанк, кейбір мәліметтер бойынша, 66 минут су астында демалмаған.

Бұл оқиға 1986 жылы Солт-Лейк-Сити қаласында болған… Үш жастағы Мишель ағасымен бірге мұз боп қатқан өзенде ойнап жүріп, суға түсіп кеткен. Баласын шарқ ұрып іздеген ана тез арада құтқарушыларды шақырған. Олар сәбиді өзеннің төменгі ағысынан 1 сағаттан астам уақыттан соң тапқан. Кішкентай Мишельде тірі қалу белгілері байқалмаған. Дене температурасы 18 градусқа дейін түсіп кеткен. 

Бірақ жергілікті емханадағы науқасты тез арада “жылытатын” құрылғымен Мишельдің дене қызуын 25 градусқа көтергенде, өмірлік белгілер байқала бастаған. Бұл құрылғы негізінен жүрекке ота жасалған науқастараға қолданылатын жаңа құрылғы болатын. Арадан 2 ай өтіп, Мишель Фанк сауығып кеткен.

Ал аустриялық Герберт Ницц арнайы құрылғыда  теңіз түбіне сүңгіп, 214 метр тереңдікте төрт жарым минут оттегісіз тұра алған. Мұндайда ағза оттегісіз жағдайға қалыптасады, жүрек соғысы бәсеңдейді.

Кәсіби фридайверлердің су астында ұзақ уақыт демалмай жүруінен ағзасында өзгерістер болады. Мысалы, өкпесі өзге адамдарға қарағанда үлкен. Ал мұхит түбінен маржан теретін атақты кәріс пен жапонның сүңгуірлерінің қанында эротрициттер басқаларға қарағанда 10 пайызға көп екен.

Т. Раушанұлы