Дәріні рецептімен сату – халық денсаулығы үшін жасалған шара

Ем іздеген жанның басты құралы – дәрі-дәрмек. Сол себепті Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға жоспарланған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының басты бөлімі ретінде халықтың фармацевтикалық сауатты назарға алынған.  

Елімізде 7792 дәрі-дәрмектің атауы тіркелген. Осы уақытқа дейін еш қиындықсыз дәріханадан керегін алатын халық үшін,  ендігі уақытта бұл мүмкіндікке шек қойылатындығы белгілі болды. Ал, дәріханалар болса дәрігер рецептінсіз дәрі сата алмайды. Оның ішінде, ауырсынуды басатын дәрілер де (обезболивающие) бар. Себебі халықтың бақылаусыз антибиотиктерді қолдануы, өзін-өзі үйде емдеуі антибиотиктерге төзімділіктің пайда болуына себеп болумен қатар, бүйрек, жүрек пен жүйке ауруларының өршуіне алып келеді. Нақтылайтын болсақ:

Антибиотиктерге төзімділік

Тұмаудан бастап, өкпенің қабынуына дейін инфекциялық ауруларды емдеу үшін медицинада антибиотиктердің атқаратын рөлі зор. Бірақ, соңғы уақытта бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған антибиотиктерге төзімділік адам өміріне айтарлықтай әсер етеді. Туа бітті ауруларды есепке алмағанда, көптеген ауру инфекциялық әрі жұқпалы болады, оның ішінде өкпенің қабынуы, туберкулез, қанның зақымдануы, ас қорыту жолдарының ауруын емдеу жыл сайын қиындап барады. Оның барлығы халықтың антибиотиктерді бақылаусыз қолдану арқылы инфекциялық бактерияларды антибиотиктерге үйретіп алуымен байланысты болып отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы да (ВОЗ) бұл мәселені өзекті деп тануда. Олардың айтуынша, адамдар мен жануарларды емдейтін антибиотиктерді дәрігер рецептінсіз алу оларға деген төзімділіктің туындауына және өршуіне алып келеді. Яғни, белгілі бір стандартты емдеу тәсілі қалыптаспаған, дәрігерлер мен мал дәрігерлері оңды-солды антибиотиктерді қолдануды ұсынған мемлекеттерде де дәл осындай мәселе туындайды. 

Жедел түрде алдын алмасақ, инфекцияның таралуы мен болар-болмас жарақаттың өзі өлімге алып келуі мүмкін.

Мысалы, Германияда медпрепараттардың 80%-і тек қана рецепт арқылы беріледі. Қазақстанда соңғы мәліметтер бойынша 6033 дәрі (77%) дәрігер рецептісімен ғана сатылады. Ал, Америка Құрама Штаттарындағы дәріханаларда фармацевтпен кеңесіп, арнайы тапсырыс арқылы дәрі алуға болады. Одан бөлек, емдеуші дәрігер өзі алдын-ала дәріханаға сұраныс жібереді. Ал, дәріханалар тапсырыс дайын кезде сізге хабарласып, алып кетуге рұқсат етеді. Маусымдық екпелерді де дәріханалардан барып жасатуға болады. Осындай ыңғайлы жағдайдың жасалуы дәріхана мен емханалардың байланысын нығайтып, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп,емделушілердің мүмкіндігін арттырған. 

Дәрінің өз бетімен таңдау, арнайы дозасын белгілеу, егу және емдеу уақытын белгілеуде қате жіберу мүмкіндігі 80%-ті көрсетеді. 

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі тегін рецепт беру тәрітбін жеңілдету үшін оларды алу процесіне өзгеріс еңгізді. Созылмалы аурулары бар диспансерлік емделушілерге жеңілдікпен рецепт маусымына бір рет, ал қымбат дәріні керек ететін ауыр дертпен ауыратындарға ай сайын берілетін болады.

Қарапайым аспиринді дамыған мемлекеттерде дәрігердің рецептінсіз алу мүмкін емес. Халықтың өз бетімен емделгені кесірінен жыл сайын бірнеше адам қаза табады. Қабырға арасындағы неврологияны жүрек ауруымен шатастырып, соны емдейтін дәрі қолданады. Гастритке дәрі қабылдағанда, бауырын зақымдауы әбден мүмкін. 

Дәріден улану – жиі кездесетін құбылыс. Бұндай жағдай бас ауруына жиі қолданатын цитрамон дозасын арттырғаннан туындауы әбден мүмкін.  Одан бөлек, біз жиі қолданатын дәрілер мен олардың жағымсыз жақтарын былайша көрсетеміз:

Сульфаниламидтер

Синтетикалық антибактериальды препараттар антибиотик болмағанымен, әсері өте ұқсас. Бұл топқа тұмау мен тамақ ауру кезінде жиі қолданатын бисептол, сульфадиметоксин, норсульфазол, фурацилин, фуразолидон, метронидазол, стрептоцид жатады. Бұларды шектен тыс қолдану немесе орнымен қолданбау аллергия мен дисбактериоздың туындауына алып келеді. Одан бөлек, бүйрек пен бауырға айтарлықтай зиянын тигізеді. 

Анальгетиктер

Ауруды басатын препараттар әлемде ең жиі қолданатын дәрілердің қатарына кіреді: олар наркологиялық және наркологиялық емес деп жіктеледі. Алғашқысы тәуелділік тудырып, ми мен жүйке жүйесіне әсер етеді. Сондықтан оны қатты жарақат, ота мен ауыр дерт кезінде қолданады әрі бақылауда ұстайды.

Дегенмен, екіншісі де айтарлықтай қауіпті. Біріншіден, ауруды уақытша басу мен емдеу – екі түрлі нәрсе. Ауру ағзада бірнәрсенің дұрыс еместігін білдіреді. Ал, ауруды басып тастау өмірді жеңілдеткенмен, аурудың одан әрі асқынуына себеп болады. Анальгетиктерді жиі қолдану аурумен күресетін ағзаның өзіндік жүйесін бітеп тастайды. Бір күні механизм өздігенен жұмыс жасауды тоқтатқан кезде,  сізге тіпті ең күшті анальгетик көмектепейді. 

Анальгетиктердің негізгі бөлігін  қабынуға қарсы нестероидты дәрі (НПВС) құрайды. Олар тек ауруды бәсеңдетіп, қызуды түсіріп қана қоймай қабынуды басады. Олардың алғашқысы аспирин болса, одан бөлек бұл топқа парацетамол, анальгин, ибупрофен, индометацин, кеторолак (кетанов, кеторол), кетопрофен (кетонал), диклофенак (вольтарен, ортофен) жатады.

Дегенмен, зерттеушілер асқазан жарасының басты себебі НПВС екенін дәлелдеді. Екпе не таблетка түрінде екені маңызды емес, екеуі де асқазанның сөлді қабатын бұзады. Аспирин НПВС  арасында ең қауіпсізі саналғанымен, қанның сұйылуына әсер етеді. Парацетамол (панадол, тайленол, эффералган, фервекс, колдрекс, калпол, терафлю және басқалар) асқазанға аса қатты әсер етпегенмен, бүйрек пен бауырды өлтіреді. Ересек адамға 20-30 парацетамол таблеткасын қолдану бауырдың зақымдануы үшін жеткілікті.

Жоғарыда аталған дәрі-дәрмектердің басым көпшілігі осы уақытқа дейін дәрігер рецептінсіз алып жүрген дәрілердің қатарына кіреді. Одан бөлек, мұрынға арналған тамшылар, дәрумендер, шәрбаттар, шөпті шайлар, тұмауға қарсы дәрілер мен ауырғанды басатын препараттар да бүгінде рецептісіз алуға рұқсат етілген медпрепараттар тізіміне кіреді. 

Ал, қатаң түрде дәрігер рецептімен берілетіндер қатарына гормоналды дәрілер, наркологоиялық дәрілер, психотропты препараттар жүрек-қан тамырларының алдын алуға арналған дәрілер жатады.

Фармацевт рецептісіз дәрі сатқан жағдайда 70-тен 100 МРП ( 176 750 теңгеден  252 500 теңгеге дейін), ал дәріхана – 130-дан 1 000 МРП ( 328 250 теңгеден 2 525 000 теңгеге дейін) айыппұл төлейтіні анықталған.

Дәріне тек рецепт арқылы сату – халықтың денсаулығын нығайту үшін жасалған жұмыс. Одан бөлек, енді өзін-өзі емдей алмайтын тұрғын уақытылы дәрігер тексерісінен өтіп, лайықты ем алады. Бұл дәрігер мен тұрғын арасындағы жұмысты нығайтады.