Емдік балшықтың денсаулыққа пайдасы

Емдік балшықтың денсаулыққа пайдасы
Фото: http://anatili.kazgazeta.kz

Балшықтың емдік қасиеті жайлы көнеден бері айтылып келеді және көптеген дәрігерлердің шығармаларында кездеседі. Ежелде мұны ата-бабаларымыз түрлі ауруларды емдеу кезінде пайдаланған. Тіпті бүгінде мұны косметикалық мақсатта кеңінен қолданады. Балшық улы заттарды бойына жақсы сіңіретіндіктен, оны улану кезінде көп қолданады. Алайда барлық сазды емдік мақсатта пайдалануға болмайды. Себебі әрбір ауру үшін оның арнайы сұрыбы қолданылады.

Емдік балшық (саз) – су, минералды және органикалық заттардан тұратын табиғи жолмен пайда болатын зат. Табиғаттың осынау байлығын көп адамдар құммен шатастырып жатады. Емдік лай жұмсақ болады және оны бір рет қана пайдаға жарайды. Емдік балшықтар әртүрлі табиғи жолмен пайда болады. Мысалы, тауда жанартаудың атқылауы кезінде жоғары температурадан тау жыныстары арқылы шығады, су қоймаларында және тұзды су қоймаларында пайда болады. Шымтезектен (өсімдік қалдықтары) және жасанды жолмен де жасалады.

Балшықтың емдік қасиеті адам ағзасына жылу арқылы әсер етеді. Табиғи лай құрамындағы жоғарғы және аз деңгейдегі жылусыйымдылық дене температурасын көтереді. Нәтижесінде қан тамырларды кеңейтіп, оның жұмысын жақсартады, зат алмасу жағдайы түзеледі. Сондықтан түрлі жолмен пайда болған емдік лайдыңағзаға әсер ету жолдары да түрліше деңгейде болады.

Саздың әр сұрыбының шығу төркіні әртүрлі. Сол себепті саз-балшық түрлі түстерге ие болады:

Ақ саз. Оның құрамында каолинит минералы бар. Ақ балшық жоғары сіңіргіштік қабілетке ие, сондықтан оның антисептикалық әсері бар.

Сары балшық. Құрамында натрий, күкірт және үш валентті темір бар. Балшықтың сары түрі остеохондроз, асқазан-ішек жолдары аурулары мен инсульт, мигренді емдеуде қолданылады. Сары балшық целлюлитпен күресуге көмектесетіндіктен, косметологияда да қолданылады. Сонымен қатар қабынуды басып, теріні сергітеді.

Қызыл балшық. Балшықтың бұл түрінде мыс, калий және темірдің алюминий-кремний қосылыстары бар. Сондықтан саз қызыл түсті болады. Бұл емдік балшықтың сіңіргіш қасиеті төмен болғанымен, құрамында темірдің болуына байланысты темір жетіспеушілікке пайдалы. Сондай-ақ қызыл сазды гипотония, жүрек-тамыр аурулары және тамырдың варикозды созылуында қолданылады.

Жасыл саз. Құрамындағы мыс пен темір оксиді балшыққа жасыл түс береді. Бұдан өзге, саздың құрамында мырыш, фосфор, кобальт, магний, кальций, алтын және күміс бар. Көбінде бұл сазды косметологияда майлы теріні терең тазалау құралы ретінде пайдаланады. Сонымен қатар, ісікті жақсы кетіріп, май бөлінуді төмендетеді және терідегі ұсақ тесіктерді тарылтып, әжімдерді тегістейді. Терідегі қан айналым мен зат алмасуды жақсартады.

Көк саз. Балшықтың бұл түрінде кобальт пен кадмий тұздары көп. Сондықтан емдік сазды бұлшық ет әлсіздігін жеңілдетуге, буындардың қозғалғыштығын жақсартуға және зат алмасуды қалыпқа келтіруге пайдаланады. Сонымен қатар ол семіздікті, гипотиреозді, қатерлі ісіктер мен радиацияның әсерінен пайда болған ауруларды кешенді емдеу үшін қолданылады. Ал, косметологияда ол терінің зат алмасуын, қан айналымын жақсартып, өлі жасушаларды майдан босатып, тазартады.

Қара саз. Құрамында көміртегі мен темірдің болуына байланысты бұл саздың түсі қара болады. Егер құрамында олардың мөлшері аз болса, түсі де соғұрлым ашық, яғни сұр түсті болады.  Көбінде қара сазды қабыну аурулары кезінде, дене температурасы көтерілгенде, тахикардия, дерматит кезінде қолданады. Ал косметологияда құрғақ теріні сергітіп, ылғалдандыратын құрал ретінде пайдаланады.

Қоңыр балшық. Қара балшық екеуінің құрамы бір болғандықтан, пайдалануға арналған нұсқаулары да бірдей. Табиғи сазбен емдеу массаж, гидротерапия, ароматерапия, күн және әуе ванналары, сонымен қатар табанға рефлекторлық әсер етумен біріктіріледі.

Емдік лайды қандай дерттерден арылу үшін пайдалануға болады:

— Тыныс алу жолдарында дерті барлар (асқынған бронхит, жарақат алу, қабынулар, жабыспа, кеуде қуысына ота жасалғанда);

— Ас қорыту жүйесі (жіңішке аш ішектегі жара, асқазандағы ауру асқынғанда, тоқішектің қабынуы, гепатит, холецистит, құрсақ қуысындағы қабынуда);

— Қан тамырлар (тері ауруларында, сүйек пен майда ткандардағы жарақат, тромбофлебит, қан тамырларының тығындалуы, венаның қабынуы);

— Жүйке жүйесі (неврит, радикулит, плексит, инфекциялық және ревматикалық неврит, жарақат);

— Тірек және қимыл-қозғалыс жүйесі;

— Ер мен әйелдердегі жыныс жолдарының дерті (простатит, орхит, қуық пен жатырдың қабынуы).

Емдік лаймен емделуге болмайтын дерт түрлері:

— Өкпе туберкулезінде;

— Қан ауруы;

— Жүктілік кезінде;

— Бүйрек дертінде;

— Буынның ауыр потологиясы;

— Эндокриндік бұзылыс;

— Қансырау және соған бенім келетін жандарға;

— Тыныс жолдары мен жүрек қан тамыр ауруларының ауыр потологиясында;

— Өткір қабынған және асқынған ауру түрлері.

Есіңізде болсын, лайды үй жағдайында әкеліп емделгеннен гөрі, өз қорында емделген тиімді әрі нәтижесі оң. Мұны әсіресе шілде айында жасаған дұрыс. Ал, үй жағдайында лайды пайдаланбас бұрын сумен (теңіз суы) араластырады да 60 С-та қыздырады. Жылы лайды дененің барлық тұсына 2-3 см қалыңдықта жағып шығады. Сосын денені компресс салатын клеенкамен, сыртынан көрпемен орайды. Оңтайлы температурада 38-42 С, 20-30 минут жатады. Емделу уақыты 10-12 рет.

Н. Үсенова