МӘМС. Елордалық емдеу орындарында не жаңалық?

МӘМС. Елордалық емдеу орындарында не жаңалық?
Фото: egemen.kz

Өздеріңізге белгілі, еліміздің денсаулық сақтау саласына медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, ол өз жұмысын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастайды. Қазақстан Республикасының Үкіметі алдағы жылы тегін медициналық көмектің  кепілдендірілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (ТМККК және МӘМС) бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті.

Елордалық емдеу мекемелерінде не жаңалық болады? МӘМС жүйесін енгізу барысында медициналық қызмет көрсету тарифі өзгере ме? Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етпек? Қызмет сапасы қалай бақыланады? Пациент мүддесін кім қорғайды?

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру  қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі тұрғындар тарапынан жиі қойылатын осы және өзге де сауалдардың жауабын назарларыңызға ұсынады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңге деп белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67%-ға көп. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.

Елордалық емдеу мекемелерінде не жаңалық болады?

МӘМС жүйесі іске қосылатын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елорда тұрғындарына екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

Біріншісі –тегін медициналық көмектің кепілдендірілген (ТМККК) пакет

ТМККК аясында бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) тұрғындар тіркелген емханалар мен клиникалар (учаскелік терапевт, педиатр, жалпы практика дәрігері, фельдшер, тіркелген емханадағы медбике, т.б.) тарапынан көрсетіледі. БМСК: дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация; профилактикалық екпелер мен скринингтер; жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау; созылмалы аурулар (25 топ бойынша) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды (онкология, туберкулез, ВИЧ, психикалық аурулар) динамикалық бақылау сынды медициналық қызмет түрлері.

Қайталап айтамыз, ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.

Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті

МӘМС пакетіне бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы, т.б. сынды қызметтер кіреді. Оны медициналық сақтандырылған азаматтар ғана пайдалана алады.

Медициналық сақтандыру қоры екі жылдан бері стратегиялық сатып алушы қызметін атқарып келеді. Процесстердің басым бөлігі жүйені енгізуге дайындық барысында сынақтан өткізілді. Бұл процесстер алдағы уақытта да жетілдіріледі. Бірақ қос пакетке енген қызметтерді сатып алу, ақы төлеу мен мониторинг процесі қазірдің өзінде жолға қойылды деуге болады.

Жұртшылық қай пакетте қандай қызмет бар деп бас қатырмайды. Себебі пакеттер нақты бөлініп, қайсысына қандай қызметтер енетіні белгіленген. Негізгі процестерді автоматтандыру, денсаулық сақтау субъектілері алдындағы кедергілерді төмендету, медицина ұйымдарының санын арттыру арқылы қызмет көрсететін клиниканы таңдау жеңілдейді, процедура бұрынғыдан да ашық жүргізілетін болады. Осы орайда Қор жұмысын толығымен цифрландыру қарастырылуда.

Тұрғындар денсаулығын сақтаудағы маңызды саланың бірі – бастапқы медициналық-санитарлық көмек, яғни, елордалықтар қаралатын емханалар, сондықтан осы салаға басымдық беріледі.

"Бастапқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында емханалардың жүктемелерін азайтуға бағытталған іс-шаралардың картографиясы жасалды. Нәтижесінде, 2019 жылдың соңына дейін қала маңында тұратын 100 мыңнан астам тұрғындар өзі тұратын үйден 20 метр қашықтықта орналасқан емханалармен қамтамасыз етіледі. Бұған жекеменшік инвесторлардың көмегімен жаңа емханалар, дәрігерлік амбулаториялар ашу арқылы қол жеткізуге болады. Болашақта емхана қызметі – медицина саласының бәсекелестік алаңына  айналары сөзсіз.Ал, бәсекелестік бар жерде, кез келген қызметтің сапасы артады, - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру  қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетейік, Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырып, тапсырыс алып жатқан, соның ішінде емхана қызметіне қызығушылық танытып отырған жекеменшік клиникалар саны артып келеді. Биылғы жылы елордалықтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсету үшін Қормен келісімшарт бекіткен 95 медициналық ұйымның  60-ы жекеменшік.

Медициналық қызметтің ерекше мән берерлік тағы бір бөлігі – зертханалық талдау, аспаптық диагностика, соның ішінде магнитті-резонансты томография, компьютерлік томографиялық, ультрадыбыстықзерттеу қызметтерін көрсететін салалық мамандарға қолжетімділікті арттыру үшін осындай қызметтердің көлемін 3,5-4 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл, әрине, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кейінге ысырылады деген сөз емес.Олардың да, соның ішінде жоғары технологиялық қызметтерді қаржыландыру деңгейі өседі. Сондай-ақ, сақтандырылған азаматтарды оңалту мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шараларына бөлінетін қаражат та артады.

Қазіргі таңда медициналық қызмет көрсететін жеткізушілерді республикалық және аймақтық комиссиялар іріктейді. Комиссия құрамында Медициналық сақтандыру қоры, Денсаулық сақтау басқармалары, "Атамекен" ҰКП, пациенттер мен медицина ұйымдарының мүддесін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар бар. Ондағы мақсат – медициналық ұйымдарды іріктеудің ашық, әділетті жүргізілуін қамтамасыз ету.

МӘМС жүйесін енгізу барысында медициналық қызмет көрсету тарифі өзгере ме?

Медициналық сақтандыру қоры былтырдан бері тарифтерді жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қор тарапынан тарифтерді көтеріп, аймақтар арасындағы тариф алшақтығын жою ұсынылды.

Жалпы алғанда, тарифтерді есептеу әдістемесі түбегейлі өзгермек. Тариф қалыптастыру барысында амортизациялық шығындар ескерілетін болады. Тариф мәселесіндегі негізгі өзгерістің бірі осы.

Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етпек?

Тариф мәселесіндегі өзгерістер тек, медициналық қызмет көрсету ұйымдарына ғана қатысты. Тұрғын халыққа қандай да бір әсері, яғни қолайсыздық болмайды.

Қаржының өсуі сатып алынатын қызмет түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласында жағымды өзгерістер болады:

- ақша көбейген соң тариф өседі;

- тариф жоғары болған соң мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынатын клиникалар саны артып, бизнес жаңа клиникалар ашуға ынталы болады;

- клиника қанша көп болса, пациент үшін күрес, бәсекелестікте күшейеді;

- бәсекелестік қанша күшті болса, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы да жоғарылайды.

МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласына, әрбір пациентке осындай мүмкіндіктер береді.

Қызмет сапасы қалай бақыланады? Пациент мүддесін кім қорғайды?

Қор мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін тексеріп отырады. Мемлекеттік емханалар мен ауруханалар ғана емес, жекеменшік клиникалар да тексеріледі. Мониторинг денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер арқылы да, медицина ұйымдарына барып тексеру арқылы да жүргізіледі.

Өткен жылы бұрын ақпараттық жүйелері болмаған бірқатар мекемелер бірінші рет мониторингтенөткізілді. Олар: жедел жәрдем, қан қызметі мен мамандандырылған мекемелер. 2018 жылы Қор халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарынан 483 мың олқылық тауып, 6,3 млрд теңге қайтарып алды.

Медициналық қызмет сапасына жүргізілетін бақылау қалай күшейтіледі? Біз үшін пациенттердің берген бағасы маңызды. Сондықтан елордалықтар арасындасауалнамалар жүргізіледі, халықтан түскен арыз-шағымдар қарастырылады. Екіншісі – көрсетілген қызмет ақысы жеткізуші компанияның қызмет нәтижесіне қарай төленетін болады.

Біз мұның бәріне мониторинг процесін автоматтандыру, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы онлайн-бақылау негізінде қол жеткіземіз. Сонымен қатар Қор базасында 1406 байланыс орталығы іске қосылады.

Қор – медициналық қызметтерді пациенттерге арнап сатып алатын орган. Сондықтан азаматтардың өз құқықтарын білуі, оларды заң бұзушылықтардан хабардар етіп отыру біз үшін өте маңызды. Біз медициналық қызмет сапасын сонда ғана көтере аламыз.

О. Сансызбай