Күш-қуатқа толы өнімдер

Күш-қуатқа толы өнімдер
Фото: freepik.com

Өзімізді шаршаңқы сезінгенде кофе ішіп  не жүрек жалғап күш-қуатымызды қалпына келтіруге тырысамыз. Назарларыңызға көңіл-күйіңізді көтеріп, күш-қуат беретін шипалы өнімдердің тізімін ұсынамыз.

Бадам (миндаль) майға, ақуызға, көмірсутекке бай келеді. Оған қоса Е және В тобының дәрумендері, мырыш, мыс, темір, марганец бар. Бадам жаңғағы – ми, жүйке жасушалары мен сүйектердің қызметі үшін қажетті бағалы қорек.

Қара шоколад бойға қуат береді. Ол жүйкеге оң әсерін тигізіп, өзімізді жақсы сезінуге себепші болады.

Анардың құрамында кальций, магний, калий, марганец, кобальт, А, В, С, Е, Р дәрумендері бар. Тәбетіңізді ашып, күш-қуатыңызды арттырып, түрлі инфекцияға қарсы төтеп беруге көмектеседі. Күніне 1 стакан анар шырынын немесе жарты анар жесеңіз жетеді.

Қызыл бұрыштың холестерин түсіруші, асқазан қышқылдарын реттеуші және микроп өлтіруші әсерлері бар. Ас қорыту жүйесінің досы. Асқазан жалқаулығын жояды және тәбетті ашады. Жұмысқа деген құмарлықты оятады.

А. Рысдәулет