Энергетикалық сусын жүрек ырғағын бұзады

Энергетикалық сусын жүрек ырғағын бұзады
Фото: 1news.az

Энергитикалық сусындарды күнделікті ішіп тұратын жандар көп-ақ. Мұндай сусындардың денсаулыққа зиянынан бұрын, сергітетіні жайлы сенім басым. Сергітетін қасиеті болғанмен, деннің саулығына келтіретін зияны да аз емес.

Энергетикалық сусындар дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Дәрумендердің пайдасы бәріне мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады және бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді. Дегенмен энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Мұндай сусындардың тағы бір зияны - аз уақыт ішінде көп ішуге болмайды. Яки, бір сағат ішінде бір литрін ішу - денсаулыққа айтарлықтай зиян. Бұл жүрек ырғағын бұзады. Жуырда Калифорниядағы Тынық мұхиты университетінің ғалымдары мұны дәлелдеп отыр.

Энергетикалық сусынға қатысты тәжірибе жұмысына 18 бен 40 жас аралығында 30-дан аса адам қатысқан. Олар 1 сағат ішінде құрамында кофеин бар 1 литр энергетикалық сусын ішкен. Нәтижесінде оларды электрокардиограмма арқылы жүрек соғысы мен артериялық қан қысымдарын тексеріп отырған.

Зерттеу нәтижесі бойынша аз уақыт ішінде энергетикалық сусынды көбірек ішкен адамдардың жүрек соғуының жылдамдығы 6-7,7 милисекундқа артқан. Сондай-ақ қан қысымы да көтерілгенін анықтаған. Сондықтан да ғалымдар мұндай сусындарды бірден көп ішпеуге кеңес береді.

Ө. Сансызбай