Қазақстанда тұңғыш рет жамбас бұлшықеттерін емдеуге арналған құрылғы іске қосылды

Қазақстанда тұңғыш рет жамбас бұлшықеттерін емдеуге арналған құрылғы іске қосылды
Фото: massaget.kz

Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығына жамбас бұлшықеттерін емдеуге арналған көпфункционалды Авантрон аппараты әкелінді. ​Енді ол жамбас бұлшықеттерін емдеу үшін ғылыми орталық пациенттеріне қолжетімді.

Авантрон – жүйке жүйесі мен бұлшықетке әсер ету арқылы кіші жамбас мүшелерінің ауруларын емдеу үшін пайдаланылады. Бұл жүйе пациенттер үшін өте қолайлы, өйткені  терапия барысында арнайы медициналық құралдарды (пластырь, гель, контакт, зонд) қажет етпейді. Құрылғының артықшылықтары мен пайдалану тәсілін massaget.kz тілшісіне Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы басқарма басшысының орынбасары, уролог Азизов Шарафаддин Мұхаммедұлы айтып берді.

Бұл құрылғы Ресейде жасалған. Өткен жылы Ресейдің урологтар қоғамында халықаралық көрме өтіп, бұл жиынға ғылыми орталықтың директоры бастаған профессорлар құрамы қатысты. Көрмені аралау барысында біз дәл осы Авантрон құрылғысына көзіміз түсті. Медицина саласы үшін құрылғы қызметінің артықшылықтарына көз жеткізгеннен кейін, бірден келіссөздер жүргізу арқылы аппаратты Қазақстанға алдырдық.

– Құрылғымен жұмыс жасау аса күрделі емес. Көріп тұрғандарыңыздай құрылғы мына тұрған ыңғайлы орындық арқылы жұмыс жасайды. Науқас орындыққа отырғаннан кейін негізгі аппараттағы бағдарлама бойынша ем қабылдау басталады. Тиімді тұсы, науқасқа шешініп-киініп жатудың қажеті жоқ. Тек орындыққа отыру арқылы ем алады және ешқандай ауырсынуды сезінбейді. Бастысы, қалтасында метал заттар, гаджеттер болмау керек. Құрылғы іске қосылғаннан кейін электромагниттің көмегімен импульс пайда болады.

Электромагнитті импульстар жамбас бұлшықеттерінің кезекті тартылуы мен босаңсуына, сондай-ақ тоқішек, қуық, жатыр, қуықасты безіне тікелей әсер етеді. Нәтижесінде қан айналым жақсарып, іркілістің жойылуы мен бұлшықеттің жаттығуына септігін тигізеді. Процедура 20-30 минутқа жалғасады.

Құрылғы қандай ауру түрлерін емдей алады?
Ерлерде:
• Созылмалы жамбас ауруы;
• Уақыттан бұрынғы эякуляция;
• Эректильді дисфункция (белсіздік);
• Жалпы простатэктомия операциясынан кейінгі оңалту.
Әйелдерде:
• Зәр ұсталмауы;
• Әйелдердің жыныстық дисфункциясы;
• Аноргазмия;
• Гинекологиялық дерттерде (созылмалы эндометрит, жатырішілік синехиялар, жүктілік кезіндегі қиындықтар, жатырдың гипоплазиясы,  сәтсіз ЭКҰ (ЭКО), операциядан кейінгі жамбас астауындағы спайкалық асқынулар).

Сондай-ақ, Авантрон аппаратының балаларға да пайдасы зор. Балалардың өздігінен отыра алатын 3-4 жасынан бастап іш қату, зәр ұсталмауы (энурез), үлкен дәреттің ұсталмауы (энкопрез) секілді түрлі жамбас аурулары дер кезінде емдейтін таптырмас аппарат.

Алғаш рет экстракорпоральді магниттік ширықтыру аппараты АҚШ-та пайда болған. Қазіргі таңда әлемнің 47 мемлекеті бұл аппаратты қолданысқа енгізді. Еліміз бойынша бұл аппарат тек Б.О Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында ғана бар. 3 миллионнан астам науқас бұл аппараттың жоғары  тиімділігімен қоса қауіпсіз әрі ауырсынусыз жүзеге асатынына  емнің нәтижесінде көз жеткізді.

А. Қажиев