Кальян шегесіз бе?

Кальян шегесіз бе?

Кальян шегу қазірде сәнді, заманауи демалу түрлерінің біріне айналды. Демалыс орындары, кафе, мейрамханаларда кальянның түр-түрі кездеседі, кальянмен темекі шекпейтіндер де әуестеніп кетті. Алайда бір қарағанда зиянсыз қызығушылықтың денсаулыққа зардабы қандай?

Кальянға қызығатындардың көбісінің ойынша, кальян - темекі, ішімдікке қарағанда зияны жоқ әуестік. Егер сіз де кальянды бұрын-соңды тартып көрсеңіз, мына ақпаратпен таныс болыңыз.

Кальян неге танымал?

Темекі шегудің экзотикалық түрі - кальян қазірде өте танымал. Оған себеп не? Көпшілік кальянның темекіден гөрі зияны аз деп ойлайды. Сондай-ақ темекіге түрлі ароматизаторлар қосылып, оның жағымсыз дәмін жасырады. Кальянның түтіні қалың, әдемі болып шығады. Соның арқасында кальян ерекше романтикалық, шығыс атмосферасын қалыптастырады. Кейбір демалу орындарында кальян бөлмелері бар, ондағы интерьер тіпті кальян шегуді ерекше рәсімге айналдырады. 

Сондай-ақ кальяндарды Шығыс елдерінде демалыстан кейін кәдесый ретінде алып келіп жатады. Біреулер кальян темекісінің сыртында "никотині жоқ" деген жазуға сенеді. Әрине ол тек маркетингтік айла. Кальянды темекіні шекпейтіндер де, темекіге қарсы адамдар да шегіп көруден бас тартпайды.

Кальян мен темекінің айырмашылығы қандай?

Қазірде кальянды көпшіліктің сүйікті әуестігі қылған - оған жасалған ауқымды жарнама. Оны өндірушілер мен сатушылар кальянды зияны аз темекі тарту түрі деп көпшілікті сендірді. Алайда бұл қате тұжырым. Ғалымдар мен дәрігерлер кальянның зияны жайлы айтып, дабыл қағуда.

Кальян шегу - ол да сол темекі шегудей. Никотинге әуес болған ағза, темекі не, кальян не, бәрібір оны талап етеді. Темекі шеккенде никотиндік ашыққандық 5-10 минутта басылады. Бұл уақытта өкпеге жарты литр темекі түтіні түседі. Ал кальянды орташа есеппен бірнеше сағат шегетіндікке байланысты, сіздің өкпеңізден 150 темекіден болатын түтін өтеді.

Сұйық сүзгі кальянның түтінін тазалай ма?

Кальянның түтіні сұйық сүзгіден өтсе де, толығымен түрлі қоспалар мен никотиннен тазармайды. Оның құрамында тұншықтырғыш газдың үлкен мөлшері, ауыр металлдар тұздары мен канцерогенді қосылыстар сақталып қалады. Никотиннің қалған мөлшері бір сағатта 5 қорап темекідегідей болады. 

Сондай-ақ кальян жабық бөлмелерде шегілетініне байланысты, оның түтіні гипоксия (ауа жеткіліксіздігі) тудырады. Бұл да кальянның ағзаға улы әсерін жоғарылатады.

Кальян отырыстары

Қазірде жастар арасында кальян отырыстарын ұйымдастыру кең етек жаюда. Жиі кальян шегу никотинге тәуелділікке әкеледі. Сондай-ақ бір кальянды бірнеше адам шеккенде түрлі тыныс жолдарының жұқпалы ауруларын (гепатит В, туберкулез, тұмау)  жұқтыру мүмкіндігі жоғарылайды. Кальян шеккен достарының арасында отырған адам оны тартпаса да, пассивті шегуге шалдығады.  

Кальянға құмар жандарға жүргізілген зерттеулер олардың арасында өкпе қатерлі ісігіне шалдығатындардың саны әлдеқайда көп екенін көрсетті. Сондай-ақ сараптамалар бойынша темекі шегетіндер мен кальян шегетіндердің бұл ауруға шалдығу мүмкіндіктері бірдей екен.

Кездейсоқ, өмірінде бірнеше рет қана кальян шегіп көргендер оны тұрақты қабылдайтындардан әлдеқайда көп. Олар кальян арқылы жаңа эмоциялар сезінгісі келеді. Көп жағдайда кальян шегу - сәнге кірген рәсімнен құр қалмаудың амалы ғана. Бұл - кезекті қызығушылық, қоғамның әсері.

Бір қарағанда зиянсыз бұл қызығушылықтан болашақта зардап шекпеу үшін қазірден бастап өзіңізді тыя біліңіз.

Ал сіз кальян шегесіз бе?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: jurnalelen.ru

С. А