Тәттіге деген тәуелділіктен қалай арыламыз?

Тәттіге деген тәуелділіктен қалай арыламыз?
Фото: unsplash.com

Тәттіге деген тәуелділіктен арылу үшін алдымен құрамында қанты көп тағамдардың ағзаға зиян екендігін түсіну керек. Әркез тәтті жегіңіз келгенде оның артық салмақ қосуға, зат алмасудың бұзылуына, сонымен қатар, қауіпті аурулардың, кейде тіпті, емі жоқ аурулардың дамуына ықпал ететінін ойлаңыз.

Тәтті тағамдарға деген тәуелділігіңіздің себебін анықтауға тырысыңыз. Ол үшін өміріңізге анализ жасаңыз. Тәттіні мөлшерсіз жеуге не итермелейді? Егер итермелеуші факторға күйзеліс жатса, тыныштандырушы шай ішіңіз. Егер тәттіге тәуелділігіңіз комплексіңізден болса, психологпен кеңесіңіз. Қалай болғанда да тәуелділікке итермелеуші себепті жою керек.

Тәтті жеуді азайту үшін тамақтану мәзіріңізге күрделі көмірсулар қосыңыз. Күрделі көмірсулар жылдам көмірсулар сияқты энергиямен бірден қамтымайды, себебі ұзақ қорытылады. Алайда, баяу қанттарға бай өнімдер ұзаққа дейін тоқтық сезімін береді. Яғни, мұндай тамақтардан соң бірнеше сағат бойы тәттіге тартпайды. Мұндай өнімдерге жармалар, кепкен жемістер, жаңғақтар және шемішке жатады.

Қантқа тәуелділіктен арылуға жеміс-жидектердің мөлшерін көбейту көмектеседі. Олар фруктозаға бай болғандықтан пайдалы тәтті алмастырушы болып табылады. Жиі цитрус, киви, алма, алмұрт, қаражидек, таңқурай, құлпынай, банан және ананас жеңіз. Ал жүзімнің құрамында фруктозамен қатар глюкоза болғандықтан, оны көп жеудің қажеті жоқ.

Қанттан арылу үшін пісірмеге және сусынға қанттың орнына бал салыңыз. Табиғи балдың адам денсаулығына (аллергиясы болмаса) еш зияны жоқ.

Қанттан жылдам бас тарту үшін ағзаңызды хром микроэлементінің жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз етіңіз. Себебі қандағы осы минералды қоспаның жетіспеушілігі – тәттіге тәуелділіктің бір себебі. Хромды биологиялық белсенді қоспа (денсаулыққа байланысты кез келген дүкенде сатылады) ретінде қабылдауға болады немесе мына азық-түліктерді жеу арқылы алуға болады: брокколи, картоп, күркетауық еті, мандарин, апельсин, бауыр, бұршақтылар, жұмыртқа, қарақұмық.

Күнделікті тамақтану үлесіңіздегі ақуыз үлесін көбейтіңіз. Тамақтағы ақуыз тәттіні азайтуға қалай көмектеседі? Протеиндер қандағы қант деңгейін тұрақтандырады, сол арқылы тәттіге құштарлығыңыз азаяды. Ақуыздың көп мөлшері балықта, теңіз өнімдерінде, тауық және бөдене жұмыртқасында, сүзбеде және етте бар. Тәтті бірдеңе жегіңіз келген кезде қандай да бір протеинге бай өнім жеп жіберіңіз.

Үйдегі барлық тәттіден арылыңыз. Бұл әдіс кондитерлік тәтті тағамның орнына пайдалы бірдеңе жеуге итермелейді. Үйде ешқандай тәтті болмаса, қарныңыздың ашқанын басу үшін үйде бар пайдалы тағамды ғана жеуге мәжбүр боласыз. Супермаркетке барғанда тәтті сататын бөліміне бармаңыз.

Жұмысқа барарда жүрек жалғауға тіскебасар салып алыңыз. Бұл мақсатқа тек пайдалы тағамдар таңдаңыз: жаңғақтар, кепкен жемістер, балғын жемістер, тұтас дәнді нан, мюсли батончигі, қара өрігі бар табиғи йогурт, сүзбешелер. Үйден сүзбеден және кебектен диеталық печеньелер пісіріңіз.

Кептірілген жемістерден кәмпит жасау

Тәттіге тәуелділіктен арылу үшін ащы тағам жеңіз. Тәтті жегіңіз келген кезде грейпфрут, қара шоколад бөлігін немесе балдыркөк қосылған көкөністі салат жеңіз.

Таңғы ас ішуді әдетке айналдырыңыз. Ол толыққанды және тойымды болуы керек. Таңғы асыңыз тойымды әрі құнарлы болса, түске дейін тоқ жүресіз, сондықтан тәтті жегіңіз келмейді.

Кәмпит немесе торт тілімін жегіңіз келгенде 1 стақан су ішіңіз. Тәулігіне 6 стақан су ішуге тырысыңыз. Ол қарынды толтырып, аштық сезімінен арылтады.

Бастысы, ерік-жігеріңізді дамытыңыз. Сау әрі сымбатты болу – тәттіден бас тартуға арналған ең жақсы мотиватор.

А. Жапатова