Денсаулық туралы қазақтілді тұңғыш веб-сайт

Денсаулық туралы қазақтілді тұңғыш веб-сайт
Фото: www.gorod.lv

Денсаулық туралы қазақтілді anamed.kz аталатын тұңғыш веб-сайт жұмысын бастады. Бұл порталдан денсаулықты сақтау, сонымен қатар 700-ден астам аурулардың симптомдарын, диагностикасын және олардың алдын алу мен емделуі турасындағы ғылыми негізделген қазақ тіліндегі ақпаратты табуға болады. 

Аnamed.kz-ті қолдану тегін және оны қолдануда кәсіби медициналық білім мен дағдылар талап етілмейді. Бұл қазақ тіліндегі денсаулық сақтау энциклопедиясының өзіндік ерекше бір түрі, аталмыш порталда кез-келген адам денсаулығын жақсартуға байланысты немесе түрлі аурулар жайлы көптеген сұрақтарға жауап таба алады. Сондай-ақ, сайтта ең соңғы медициналық жаңалықтар, аурулардың алдын алуға бағытталған пайдалы кеңестер жарияланып отырады.

Бүгінде ғаламторда әртүрлі ауруларды қалай емдеуге болатындығы туралы ақпараттар толып жатыр. Алайда, көп жағдайларда олардың медициналық ғылыми  мазмұны күмән туғызатыны, пайдасынан зияны көп болып жататыны  шындық. Сонымен қатар, қазақ тілді интернет пайдаланушылары өз ана тілінде медициналық ақпаратты іздеуде айтарлықтай қиындықтарға кезігетіні жасырын емес, ал бұл, қазіргі таңда уақыт күттірмейтін мәселе. Сондықтан, қазақ тілінде дәлелді медициналық ақпарат беру өте маңызды. Одан бөлек танымал сарапшылардың пікірін ескере отырып медициналық мақалалар  сапасы мен өзектілігі сұрыпталуы  керек. Бірақ, берілген ақпарат қарапайым, халыққа түсінікті әрі қолжетімді, тиімді де пайдалы болуы шарт.

Жобаның авторы Алмаз Шарман - Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті және Америка қоғамдық денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі. Бұған дейін ол Ұлттық медициналық холдингті басқарды және Назарбаев Университеті басшыларының бірі болған. Сайттың құрастырушылары – дарынды бағдарламашылар және инженерлер, тәжірибелі дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының менеджерлері, кәсіби журналистер және аудармашылар. Олар ортақ миссияларына «Әрбір жанға денсаулық» атты ұранмен жетуді көздейді.

Айта кету керек, бұл миссияның негізі 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қабылдаған, аңызға айналған құжат - Алматы Декларациясында жатыр. Аталмыш декларацияда халықаралық деңгейде алғаш рет денсаулыққа байланысты жалпыға бірдей құқық беріліп,  әр азаматқа өз денсаулығына  жауапкершілікпен қарау жүктелген еді. Осындай құқықтарды пайдалана отырып, жауапкершілікті сезініп,  денсаулықты нығайтуға,  індеттің алдын алуға, сондай-ақ ауруларды уақтылы анықтауға және емдеуге қатысты ақпараттың болуы айтпаса да маңызды. Аnamed.kz инновациялық сайты дәл осы мақсатта жұмыс атқарады.

Аnamed.kz-ті дайындау барысында tiki wiki-қозғалтқыш  технологиясы пайдаланылды.  Ол денсаулыққа байланысты медициналық жаңалықтар мен аурулар турасындағы мақалаларды тез арада жүктеуге, өңдеуге, жазып өзгертуге мүмкіндік береді. Мұндағы негізгі мақсат – қазақ тілінде медициналық мәселелерге байданысты немесе одан бөлек тақырыптарда ой қозғайтын, өзіндік пікірі бар кез-келген адамға барынша мүмкіндік жасау. Қажет болған жағдайда anamed.kz сайты кириллица алфавитінен қазақ-латын қаріпіне ыңғайлы транслитерациясын жасап береді.  Мұныңбәрі не үшін десеңіз, сайттың контентін дамытуға  тек қана тәжірибелі дәрігерлер емес, жас мамандар, сондай-ақ аға тәлімгердің жетекшілігімен медицина студенттері де өзіндік үлесін қоса алады. Әрине, жүктелетін мақалалар міндетті түрде тәжірибелі сарапшылардан құралған редакция алқасының сүзгісінен өтеді. Атап айтар болсақ, заманауи медицина тұрғысынан және әдеби мазмұнның сапасы жағынан қарастырылады.

Аnamed.kz сайты symptomaster.com технологиялық сервиспен жабдықталған, оның көмегімен кез келген адам аурудың сипаты мен симптомдарын, мүмкін болатын себептерін өз бетінше анықтай отырып, керекті ұсыныстарын алады. Бұл қажетті маманға немесе жедел жәрдемге уақытылы хабарласуға мүмкіндік туғызады. Сервис тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар ағылшын және орыс тілдерінде де қолжетімді, сондай-ақ iOS (iPhone OS) және Android (samsung ж.б.) платформаларындағы смартфондарға арналған мобильді қосымшалардың нұсқаларында да бар.

Сайтта балалар денсаулығына қатысты бөлім бар. Ол Balaman деп аталады. Онда балаларды дұрыс өсіп-жетілуі: тамақтандыру, жаттығулар жасату, уақытылы ұйықтату, балалар ауруын емдеу мен алдын алу, жазатайым жағдайларда жедел көмек көрсету турасында ақпараттар берілген. Сонымен бірге баланы дұрыс мінез-құлыққа тәрбиелеуге бағытталған арнайы анимациялық бейне роликтер мен технологиялық құралдар да ойластырылған. Қазіргі таңда баланы Қазақ елінің музыкасының атасы – ұлттық Бесік жырлары әуенімен баурап, өсіп-өніуіне тікелей әсер ететін музыкалық бейне роликтер жарық көріп отыр.

Алдағы уақытта сайт құрастырушыларының жоспары технологиялық мүмкіндіктер құру. Ондағы мақсат – компьютер немесе смартфонның дыбыстық мүмкіндіктерінің көмегімен өзге тілді қолданатын дәрігерлерге науқастың қазақ тілінде нақты медициналық сұрақтар қоюына мүмкіндік жасап беру. Аталмыш технология дәрігер мен науқас арасындағы өзара қарым-қатынасты айтарлықтай жеңілдетеді деп күтілуде.

Жақын арада, болашақ аналарға арналған, яғни болашақ кішкене нәрестенің әр апта сайынғы өсіп жетілуін байқап (қай кезеңде қандай мүшенің дамитындығы, өлшемі қандай, қалай қозғалуы мүмкіндігі), сонымен қатар қай кезеңде қалай тамақтану керектігі (дәрімендердің жеткілікті түсуімен қатар, қаншалықты, қандай тағамдар қабылдау керек) жайлы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы жайлы күнтізбе жарық көреді. 

Сондай-ақ, алдағы жоспарда – сайтты мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдету ойластырылды. Аnamed.kz көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін жандарға қолжетімді болады. Бұл үлкен мөлшердегі арнайы қаріптер, мәтіндік дыбысталу және т.с.с. т.б. құрылғылармен жүзеге асуы мүмкін.

Бұл anamed.kz сайтының «Әрбір жанға денсаулық» атты бірегей ұранының мағынасына толықтай сияды десек қателеспейміз, яғни медициналық ақпаратты қолданушыларға кең көлемде, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолжетімді ету басты назарға алынып отыр.

А. Оралқызы