Аутизм туралы 5 сұраққа жауап

Аутизм туралы 5 сұраққа жауап
Фото: surgutgp5.ru

30 жыл бұрын аутизм сирек кездесетін психикалық ауруға жататын. Оны 2000-жылдары АҚШ-та 150 баланың біреуінен байқаса, 2014 жылы 68 баланың біреуінен шығатын болған. Аутизм туралы маңызды сұрақтарға жауап іздейік.

1. Аутизм деген не?

Адам бала кезінде көп нәрсені қатынас арқылы үйренеді: сөйлесу, ойнау, сезімдерін бақылау, басқаның сезімін түсіну, достасу және т.б. Аутизмі бар балалар миының дамуы бұзылғандықтан, олар қоғаммен толыққанды байланыса алмайды. Байланыс болмағандықтан, сол нәрселерді үйрене алмайды. Сондықтан мұндай балалардың дамуы кідіреді. Балада ол түрліше көрінеді: бірі өз құрдастары секілді сөйлеседі, солар сияқты түсінеді, өз әрекетін бақылай алады, бірақ әзілді түк түсінбейді және таныс емес ортада агрессивті бола түседі. Кейбірі сөйлеу білмейді және өз ата-анасын басқалардан айыра алмайды.

2. Аутизм "індеті" қалай тарады?

Біріншіден, "аутизм" түсінігі "аутизм спектрінің бұзылуына" (АСБ) дейін кеңейтілді. Ал оған онша білінбейтін, яғни көбірек мінезіндегі "біртүрлілікке" ұқсайтын белгілер де еніп кетеді. Мысалы, АСБ белгісі бар адам кафеге келіп, тапсырысты даяшының құлағына сыбырлап айтуы мүмкін.

Екіншіден, соңғы жылдары интернеттің дамуымен аутизм туралы ақпарат көп тарап кетті. Бұрын ұялшақтық, тұйықтық деп қабылданған кей белгілерді де қазір АСБ-ға қосып жібереді. 

Жалпы, ғалымдардың ойынша, аутизм кең таралған жоқ, тек осындай диагноз қою жиілігі артқан.

3. Ол қайдан пайда болады?

Аутизм генетикалық мутациядан пайда болады. Бірақ ол қандай мутация және неге пайда болатыны әлі де белгісіз. Аутизммен туылу ықтималдылығын көбейтетін факторлар ғана белгілі: ата-ананың жасының үлкендігі, тұқымқуалаушылық, жүктілік кезіндегі анасының ауыруы, нашар экология және т.б. Аутизм екпе, тәрбие немесе тамақтың кесірінен пайда болмайды.

4. Баламда аутизм бар екендігін қалай білемін?

АСБ белгілері бала 1,5-2 жасқа келгенде білінеді:

- Сөйлеудің бұзылуы. Бала мүлдем сөйлемеуі немесе өз құрдастарынан қалып сөйлеуі мүмкін;

- Ата-анасымен эмоциялық байланыстың болмауы. Аутизмі бар балалар адам көзіне тіке қарай бермейді, адамның алдына отырмайды, күлмейді. Біреудің оған сөйлеп жатқанын байқамауы мүмкін, өз есімін атағанды елемейді;

- Байланыс проблемасы. Аутист оған біреу сөйлеп жатса, қашып кетуі мүмкін. Басқа адамдардың реакциясына біртүрлі әрекет етуі мүмкін, біреу жылап жатса, күліп жіберуі де ықтимал. Олар өз құрдастарының сезімін, ымын және ойын ережелерін түсіне бермейді, сондықтан жалғыз болуды жөн көреді;

- Ойыншыққа қызығушылығының болмауы. Аутист бала ойлау қабілетінің әлсіз дамуының себебінен ойыншықпен қалай ойнау керектігін білмейді.

5. Аутизм емделе ме?

Жоқ, себебі ол ауру емес, ол жағдай. Аутист балаға тек әлеуметтенуге көмектесу керек. Оның жеңіл түрінде бала мектепті аяқтап, жұмыс тауып, отбасын құра алады. АҚШ-та және Еуропада аутизм біздегіге қарағанда жиі кездеседі: ол жақта дәрігерлер мен ата-аналар аутизм кезінде өздерін қалай ұстау керектігін біледі. Кей балалар психологиялық-педагогикалық көмектен кейін аутизм белгісінен арылып жатады.

Аутист балалары бар ата-аналарға қиын болса да, аутизм диагнозымен де өмір бақыт пен қуанышқа толы екендігін дәлелдеп жүргендер бар. Атақты тұлғалар өз балаларының аутист екендігін және үміт үзгеннен гөрі махаббат пен қамқорлық керемет дүниелер жасай алатындығын айтады.

Тони Брекстон

Атақты әнші және Грэмми иесі Тони Брэксоннің ұлы Дизельге аутизм диагнозы балалық шағында қойылған. Заманауи түрлі терапиялардың арқасында оның өз құрдастарынан онша айырмашылығы жоқ.

Тони бір сұхбатында былай дейді: "Мен оған 9 ай болғанда бірдеңенің дұрыс еместігін білдім. Бірақ ол бір жарым жасқа толғанда ғана оның үлкен ағасы сияқты дамып жатпағандығын мойындауыма тура келді. Ерте диагноз қою – табыс кепілі. Бала балалық кезінен кәсіби мамандармен жұмыс жасаса, үлкен нәтижеге жетеді. Дизель барлық балалар сияқты қарапайым мектепке барып жүр және 2013 жылы "Twist of Faith" фильміне түсті."

Сильвестр Сталлоне

Сильвестр Сталлоненің кіші ұлы Серджиоға аутизм диагнозын үш жасында қойған.

"Баланы сенің әлеміңе келуге мәжбүрлеу мүмкін емес. Сондықтан, мен онымен бірге оның әлеміне барамын... Біз абстрактылы заттардың суретін саламыз, пазлдар жинаймыз. Бала саған сенсе, сөйлесуі мүмкін, бірақ ол өте сирек болады. Өте сирек болса да, ол ең бағалы уақыт!",- дейді Сильвестр.

Дженни Маккарти

Әрдайым ақкөңіл және ақжарқын актриса Дженни Маккарти ұлы Эванның мұндай диагнозын ешқашан жасырған емес. Ол үшін қиын уақыттың өзінде көңілін түсірмей, үмітін үзбей, оптимист болып қалуды жөн көрген.

"Дәрігерлер маған оның емделуіне үміт жоқ деді. Бірақ мен өзімнің ішкі сезіміме сендім. Мен арнайы диета қолдандым, сүтті, ұнды тағамдарды алып тастадым.",-деді.

Дженни аутист балалары бар ата-аналармен өз тәжірибесімен бөлісу үшін кітап жазды.

Гэри Коул

Актер Гэри Коул және оның әйелі Тедди Сиддолдың қызы Мэриде аутизм диагнозы бар екенін алғаш рет білгенде қабылдай алмаған. Бірақ өз өздеріне келіп, оған көмектесетін мамандар іздеген. Уақытылы жаттығулар жасатқан дәрігерлер мен мұғалімдердің арқасында Мэриді қоғамдағы өмірге бейімдеген. Гэри Коул осындай мәселесі бар басқа адамдарға да көмек керектігін түсініп, аутизммен күресуге арналған қайырымдылық қорына белсенді қатысады екен.

А. Жапатова