Екпе тұмаудан құтқара ала ма?

Екпе тұмаудан құтқара ала ма?
Фото: Tarifi.info

Күз-көктем маусымы жұқпалы аурулардың, әсіресе тұмау вирусының көп кездесетін мезгілі.  Ал тұмаудың жыл сайынғы шабуылына қарсы екпе (вакцина) салдырып сақтанып жатамыз.  Бұл шара жыл сайын өткізіліп, мамандар да жиі ескерту айтып жатады. Дегенмен салдырып жүрген екпеміз тұмауға қаншалықты қарсы тұра алады?

Тұмаудың А, В, С  деп бөлі­нетін негізгі үш түрі бар. Олардың өзі де тез өзгеріп отырады. Мәселен, А түрінің эпидемиясы 10-40 жылда қайталанып тұрса, өзге түрлері 2-3, 4-7 жылда қайталанады. Ал С түрі жылдың барлық мезгілдерінде пайда болады.  Тұмау вирусы жұққан адамда алғашында әлсіздік пайда болады, денесі тоңып, буындары сырқырайды, бұлшық еттері ауруы да мүмкін. Кейін дене қызуы 39-40°С дейін көтеріледі (балаларда құрысып-тырысу орын алуы мүмкін). Бас айналады және ауырады, жөтел пайда болады, мұрыннан мөлдір сұйық, сосын іріңді  сұйық бөлінеді.

Кез келген адам тұмаумен бір ауырса, оған қарсы иммунитет пайда болады. Алайда тұмаудың өзі жиі өзгереді. Сол себепті тұмаумен бір ауырған адамның қайтадан ауыруы мүмкін. Тұмаудың ең бір қауіптілігі – түрлі созылмалы ау­руларды ушықтырады. Соған орай өз кезегінде созылмалы дерттер де тұмауды асқындыра алады. Ал салдарынан пневмония, отит, менингит, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі зардап шегуі мүмкін. Сол себепті де екпе (вакцина) егу тәртібі жолға қойылған. Мысалы, жиі ауыратын, созылмалы дерт­­тен зардап шегетін (бронх демікпесінен), орталық жүйке жүйесінде дерті бар, туабітті немесе жүре келе пайда болған жүрегінде ақауы бар немесе жүрек соғысында бұзылыс бар, бүйрек жетіспеушілігі, қан ау­руы, қант диабеті, иммундық жетіспеушілігі бар жандар мен балабақша бүлдіршінде­ріне екпе жасату міндетті. Бағымызға қарай бүгінде тұмауға қарсы екпенің көптеген түрлері жасалған. Соның ішінде еліміз голландиялық және ресей­лік екпені (вакцинаны) қолданады. Олар адамды тұмаудан қорғап, оған қарсы иммунитет қалыптастырады.

Екпені қандай жағдайларда салуға болмайды?

Екпе адамға салынғаннан кейін 2 аптанын ішінде қорғаныштық ақуыздар тұмау вирусын тез тауып, оны өлтіруге кіріседі. Сонымен қатар олардың күші 6 айдан  тіпті 1 жыл­ға дейін жетеді. Ол өкпенің қабынуы мен суықтаудан болатын асқынулардан 50 па­йызға дейін қорғай алады. Яғни екпенің тиім­ділігі – дер уақытында егілуінде және сақтап-тасымалдаудағы тәртіптің сақталуында. Сонымен қатар  адам ағзасының ерекшелігі мен эпидемиялық кезеңге де байланысты болады. Мысалы, екпені егу  қазан айынан басталады. Яғни эпидемиялық кезең – жел­тоқсан-қаңтарға дейін ағза тұмауға қарсы күреске дайын болады. Есіңізде болсын, эпидемия кезінде екпе салдырғанның пайдасы болмайды.

Екпені созылмалы ауру асқынып тұр­ған жағдайда салуға болмайды және тауық жұмыртқасының ақуы­зына және басқа да консерванттар­ға аллергия болса салмайды.

Есіңізде болсын, екпені рұқсаты бар емдеу орындары ғана салуға құқылы. Сонымен қатар ол  арнайы тәртіптерді сақтай отырып жүргізілу қажет. Екпені өз бетімен біреуден, дәріха­надан сатып алуға болмайды. Оны тек емдеуші дәрігер кеңесімен ғана салдырған жөн.

Ө. Сансызбай