Тісің түгел болсын десең…

Тісің түгел болсын десең…
Фото: praxis-zahnmedizin.de

Экологияның ластануы адамның денсаулығына, соның ішінде тістеріне де зиянды әсерін тигізеді. Бүгін тіс мәселесін қозғағым келіп отыр. «Бізде неше тіс бар?», «Тамақтан соң жуыптазалауды ұмытып жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақты жас достарыма қойғым келеді. Жауап беруге қиналып тұрсың ба? Олай болса, тіс дәрігері ретінде тісіңді қалай күту керек екенін айтып берейін.

Денсаулықты жақсарту мақсатында жыл сайын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер профилактикалық байқаудан өткізіледі. Медициналық байқаудан өту кезінде тіс дәрігерінің кабинетіне де кіреді.     Тіс дәрігерінің медициналық тексерісінен өту кезінде 18 жасқа дейінгі оқушыда тісжегі (кариес) анықталса, оны тегін емдейді. Өйткені мемлекет тісжегісі бар балалардың тегін емделуі үшін жыл сайын қаржы бөліп отырады.

Өз тәжірибеме сүйене отырып, Орталыққа келген балаларды медициналық тексеріс кезінде тісжегі анықталған оқушылардың пайыздық көрсеткішін салыстырдым. Нәтижесінде жылдан жылға тісжегімен ауыратын балалардың саны артқанын байқадым. Сондықтан Орталыққа келген күннен бастап балаларға тіс күтімі туралы сұқбат-әңгімелер жүргіземіз және профилактикалық тексерістен өткіземіз.

Тісжегі ауруының негізгі себебі дұрыс тамақтанбағаннан болады. Қантты көп мөлшерде қолдану, ұннан жасалған тәтті тағамдарды көп пайдалану, тамақ құрамында шикі жемістер мен көкөністердің болмауы (оларды шайнау кезінде тістердің өзіндік тазалануы жүреді) тісжегі пайда болуына әкеледі.

Сондай-ақ тіс пен ауызқуысын күту гигиенасын білмеу де тісжегінің туындауына сеп болады. Адамның ауызқуысында үнемі бактериялар жүреді. Сондықтан тамақтан соң ауызды шайып, күніне екі рет тіс пастасымен жуып тұрған жөн. Алғаш рет тіс қағындағы бактерияларды голланд ғалымы А.Левенгук (1683 жылы) анықтады. Бактериялардың тіршілік әрекетінің өнімі қышқылдардан пайда болады. Қышқылдың бөлінуі тістің бұзылу процесінің басталуына жәрдемдесуі мүмкін.

Жарты жылда бір рет профилактикалық байқаудан өтіп тұру керек. Олай етпесең, тісіңнен айрылып қалуың ғажап емес.

Тіс – денеміздегі ең қатты зат. Тістің негізгі қызметі – тамақты шайнау. Тіс жақ сүйектен өседі. Сәбилерге алты айдан бастап шығады. Ол «сүт тіс» деп аталады. Алты жасқа толғанда сүт тістер түсе бастайды, түскен тістің орнына «негізгі тістер» шығады. Олардың көлемі үлкендеу. Барлық тістер сыйып тұруы үшін сонымен бірге адамның жақтары да өседі. Он екі жасқа толғанда барлық тіс жаңарып болады. Адамдардың көпшілігінде 20 жасқа толғанға дейін 32 тісі толық шығып болады.

Тіс қабығын «эмаль» жауып тұрады. Тамақты шайнаған кезде ауыз қуысынан қышқыл бөлінеді. Бұл эмальді бұзады. Сондықтан тісті тамақтан соң тазалап, жуып тұру керек.

Тіс щеткасы осыдан мың жылдай уақыт бұрын араб еліндегі мұсылмандардан тараған. «Арак» ағашынан дайындалған тіс щеткасы «мисуәк» деп аталған. Бертін келе, тіс щеткасын Қытайда жасаған. Көп ұзамай, оны саудагерлер Еуропаға апарған. Уақыт өте келе, бұл щеткалардың бірі қатты, ал екіншісі тым жұмсақ болғандықтан, нейлон талшығынан жасалған тіс щеткасы шығарылды. АҚШ-та электрлі тіс щеткасы қолданысқа енді. Қазір біз пайдаланып жүрген тіс щеткасының қысқаша тарихы осындай.

Тіс щеткасын таңдағанда мынаны ескеру керек: балаларға арналған тіс щеткасының сабы қалың болса, балаға ұстау ыңғайлы. Талшықтары жиі және дөңгелек щеткалар тіс еттерінің қанамауын қамтамасыз етеді және жұмсақ болады.

Тісті күніне екі рет жуып тұрған абзал. Таңертеңгісін, кешкі астан соң, яғни ұйқы алдында. Себебі астан кейінгі қалдықтар тіс қуыстарында қалып қойса, тістің шіруіне алып келеді. Дұрыс жуылған тіске құрт түспейді. Тісті кем дегенде, екі минут жуу қажет. Өйткені тіс пастасы тісті қажетті заттармен қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда өкінішке қарай, барлық тістері сау адамды сирек кездестіреміз.

Тісің сау болсын десең, мынаны жадыңда ұста:

  • Тісті дұрыс тазалау техникасын сақта;
  • Күніне жоқ дегенде бір рет тістің арасын тіске арналған жіппен тазалап отыр;
  • Ауыз қуысын шаятын арнайы сұйықтықтарды пайдалан;
  • Дұрыс тамақтан;
  • Ыстық тамақтан соң суық су ішпе;
  • Қатты заттарды тістеме;
  • Тіс щеткасын әр 3 ай сайын ауыстырып отыр.

Егер адам осы қарапайым ережелерді сақтап отырмаса, онда тісжегі пайда болуы мүмкін.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді бекер айтпаса керек. Аурудың көпшілігі астан келетіндіктен, ең алдымен дұрыс тамақтануды және ауыз қуысына күтім жасауды жадымызда ұстаған дұрыс.  

Роза Айнабекова,

«Балдәурен» РОСО МК стоматолог дәрігері

Дереккөз: zhasorken.kz

Massaget.kz