Аптап ыстық адам психикасына әсер етеді

Аптап ыстық адам психикасына әсер етеді
Фото: AEFA Agronutrientes

Аптап ыстықты ешкім жақсы көрмейді. Көп адамның жұмысқа зауқы соқпайды, ісі өнбей жатады. Сондай-ақ ыстық ауа райы адам психикасы мен мінез-құлқына да әсер етеді екен.

Ең біріншіден, ыстық кезде сабыр сақтау, өзіңді тоқтату қиын. Адамдар агрессивті болып, қатігездіктен тайынбайды. Мұндай күндері қылмыс та, ұрыс-керіс те көп болады. Адамдар өзін бақытсыз сезініп, өмірден баз кешетін сәттері де көбіне ыстық күндерге сәйкес келеді екен.

Британиялық зерттеушілер аптап ыстық адам психикасына қалай әсер ететінін арнайы зерттеген. Сараптама қорытындысын Public Health журналында жариялаған. Зерттеу нәтижесі бойынша ыстық күндері адамдар өз-өзіне көп қол жұмсайтыны анықталған. Ауа температурасы 1 граудусқа көтерілгенде, суицид те 1-37 пайызға жоғарылайды екен.

Аптап ыстық адам психикасына айтарлықтай әсер етеді. Британиялық зерттеушілер ауа температурасының жоғарылағанын халыққа ескертіп отыру жайын баса айтады. Ыстық күндері егде жастағы адамдарға, балаларға және үй жануарларына айрықша мән беруді ескертеді. Бұл – әдетте айтылатын кеңестердің бірі. Ал, бастысы аптап ыстықта күйзелісте жүрген адамдарға көңіл бөлу маңызды екен.

Н. Үсенова