Анорексия туралы 7 қате пікір

Анорексия туралы 7 қате пікір
Фото: pixabay.com

Қазіргі уақытта анорексия көптеген мақалалар мен телехабарлардың тақырыбына айналды. Ол мұндай ауыр ауруы бар адамдардың жиі кездесетінін көрсетеді. Алайда әлі күнге дейін қоғамның анорексия туралы білетіні аз.

Көпшіліктің ойынша, анорексия – өмір мен өлімнің ортасында жатқан, салмағы 35 кг адам. Анорексия туралы көптеген аңыздар бар. Сол қате пікірлер үшін анорексиямен ауыратын адамға кеш және дұрыс емес көмек көрсетіліп жатады.

1. Анорексия – ол жай қатты арықтағысы келу.

Шынымен де, анорексия сырттан қарағанда дәл солай көрінеді: адам қатты арықтағысы келеді, дене пішінін мінсіз жағдайға жіткізгісі келіп, уақытында тоқтай алмайды. Көбісі осылай деп ойлады. Бірақ, негізінде анорексия – тағамдық тәртіптің қатты бұзылуы. Ол – тағамдық тәуелділік, оның нашақорлық пен маскүнемдіктен онша айырмашылығы жоқ. Тамақтану ағзаның базалық функциясы болғандықтан, оны емдеу қиынға соғады. Егер бұл функция бұзылса, оны қалпына келтіру қиын әрі ұзақ процесті алады.

2. Анорексиямен ауыратын адамға оның ендігі арық екендігін және тоқтау керектігін түсіндіру жеткілікті.

Негізінде, анорексия жағдайымен бір рет болсын кезіккен немесе оларды телехабардан көрген адам мұндай әңгімелерден еш нәтиже болмайтынын біледі. Анорексиямен ауыратын адам үнемі өзіне арық емес болып көрінеді. Сонымен қоса, оның шынайы қажеттілігі арық болуда емес. Мұндай адамның бірінші және негізгі қажеттілігі – ол бақылау (салмақ, дене пішіні, тамақтану). Мұндай бақылау қажеттілігі үлкен үрейден туады және оны жеңу мүмкін емес. Бұл үрейдің себебі әртүрлі болуы мүмкін, алайда оның артында қандай да бір психологиялық жарақат немесе проблема тұрады. Анорексиямен ауыратын әр адам бақылауды жоғалтып алудан, күнде кешегіге қарағанда таразыдан бірнеше грамм аз көрмеуден қатты қорқады.

3. Анорексияның себебі – сәтсіз махаббат.

«Бойжеткен бір жігітке ғашық болады, бірақ ол оны қабыл алмады. Бойжеткен оның себебін толық болуымен байланыстырып, арықтауға бел буған» деген сияқты әңгімелерді жиі естиміз. Негізінде мұндай жағдайлар бұл ауру бастамасын жылдамдатқыш қана. Жауапсыз махаббат адамдардың көпшілігінің басынан өтеді, бірақ олардың бәрі бірдей анорексиямен ауыра бермейді. Сүйіктісінің қабылдамауы мұндай ауыр күйзеліс тудыруы үшін бойжеткеннің өзі-өзі бағалауы өте төмен болуы керек. Яғни, ол оған дейін де өзін ұнатпаған, іштей жалғыз болған. Сондықтан мұндай адам барлық себепті өзінен іздейді, ол өзін жеткілікті әдемі еместігін және басқаларға ұнау үшін бірдеңе өзгерту керектігін ойлайды. Мұндай пікір отбасыдан пайда болады. Ата-анасы өте жоғары талап қойса, суық болса және балаға жеткілікті мөлшерде махаббат бере алмаса, бала іштей өзіне қанағаттанбайды.

4. Анорексиямен ауыратын адамға біреу толықсың дегендіктен, ол арықтауды қолға алған.

Анорексиямен ауырған адамдардың барлығы бірдей бұрын артық салмағы болған жандар емес. Ауырып қалу мүмкіндігі оның алғашқы салмағына еш қатысы жоқ. Өз денеңізге дұрыс көзқараста болсаңыз, тіпті артық салмағыңыз болса да, ауырмай-ақ салмақтан арылуға болады. Алайда тағамдық тәртіптің бұзылуына икемі бар адамдар өз денесіне көңілі толмайды. Олар үшін денесі өзінің бөлігі емес, олар соның ішінде өмір сүруге мәжбүр зат ретінде қарайды. Олар артық салмақтың бар-жоғына қарамастан, өз денесіне жиіркеніп, наразы болады. Мысалы, егер оны физикалық тұрғыда көп жазаласа, тән шекарасын бұзса немесе отбасыда барлығы дене пішіні мінсіз болуы керек деп санаса, балада денесіне деген осындай қатынас пайда болады.

5. Егер ол салмақ қосса, жазылып кетеді.

Анорексия тағамдық тәуелділік болғандықтан, ол емделмейтіндігін, ақырындап күшейе беретіндігін, қайталамалы және ажалды ауру екендігін түсіну керек. Ол адам салмақ қоса бастаса, әсіресе, емханада жатқанда, ол оның жазылып келе жатқандығын білдірмейді. Бұл аурумен ауыратындар стационарда емделуге, салмақ қосуға тек туыстары оны жөніне қалдыруы үшін ғана келіседі. Оның өз денесіне деген көзқарасы өзгеруі ғана нағыз жазылу белгісіне жатады. Ал ол ұзақ уақыт психотерапиямен айналысу арқылы ғана келеді.

6. Анорексияны диетолог дәрігері емдейді.

Диетолог тағамдық тәртіптің бұзылуын емдеумен емес, дұрыс тамақтануды реттеумен айналысады. Кез келген анорексиямен ауыратын адам дұрыс тамақтану туралы диетологтан жақсы біледі. Бұл ауруды психиатр дәрігерімен және психологпен емдеу керек. Себебі анорексия – бірінші кезекте, психологиялық бұзылу. Сонымен қатар, оның отбасы, жақындары да психотерапияға бірге баруы керек. Егер оның отбасы бас тартса, онда жазылып кету мүмкіндігі азаяды.

7. Анорексиямен тек әйелдер ауырады.

Бұл да көп тараған қате пікірдің бірі. Негізінде, аз болса да, бұл аурумен ер адамдар да ауырады. Мұндай психологиялық проблемасы бар ер адамдар көбінесе нашақорлық пен маскүнемдікке салынады немесе артық тамақтану болуы мүмкін. Ол да семіздіктің ауыр түріне жатады.

А. Жапатова