Үйдегі бактерия мен вирустардан құтылудың жолы

Үйдегі бактерия мен вирустардан құтылудың жолы
Фото: newswise.com

Терінің әрбір сантиметріне 100 мыңға жуық микроағзалар "қоныс тебеді". Түшкірген кезімізде бактерия мен вирустар сұйық тамшы боп бір метр қашықтыққа дейін ұшады... Жалпы, бактериялар мен вирустар туралы айта берсең мәлімет өте көп. Бірақ бүгін біз микробиолог маман ақпаратына сүйеніп, олар үйде қандай жағдайда жүретіні мен құтылу жолдарын қарастырамыз.

Бұл туралы  Нью-Йорк универитеті микробиологы Филип Тьерно: "Вирустар көбеюі үшін басқа ағзаларға өтуге әрекеттенеді. Сол үшін олар бактерияларға қарағанда аз өмір сүреді. Ал бактериялар үйдегі кез келген бұйымдарда ағзалардан тыс жерлерде де көбеюге қабілетті", – дейді. 

Микроптардың өмір сүруі тікелей ауа райының ыстық не суығы мен ылғалдылығына байланысты. Ешқандай бактерия немесе вирус ылғалдылығы 10 пайыздан төмен жерлерде өмір сүре алмайды екен. Олар кез келген тамақ қалдықтары, үйдегі жиһаздары, ыдыс-аяқ, теріде және т.б жерлерде көбейе береді. 

Үйдегі ыдыс-аяқ жуатын губка олар үшін ең қолайлы орын. Мысалы, өкпе ауруын тудыратын Кох таяқшаларына тиісті мезофилл бактериясы бөлме температурасында көбейеді. Сол үшін де суық немесе ыстық ауа райын жақсы көретін басқа бактерияларға қарағанда ұзақ өмір сүреді. Күнделікті тұтынатын еттегі микроағзалар бөлме температурасында бірнеше сағаттан, бірнеше аптаға дейін тірі болады. Егер, оны дұрыс қайнатпай жейтін болсаңыз асқазан-ішек жүйесінің бұзылуына әкелетін ауруларға тап боласыз. Ішек тұмауын тудыратын калицивирус бактериясы бірнеше күн, апталар бойы өмір сүреді. 

Қолайсыз жағдайларға бейімделу үшін кейбір микроағзалардың сыртында қатты қабық пайда болады. Бактериялардың мұндай түрі – спора деп аталады. Спора түріндегі бактериялар эктремал ауа райы мен ылғалдылыққа шыдамды. Мысалы, асқазан-ішек жолын бұзушы микробтар мен жара инфекциясын тудыратын сары түсті стафилококк осындай түрге жатады. Тьерноның пікірінше, стафилококк споралары құрғақ киімде бірнеше апта тіршілік етіп, киімдегі тері қалдықтарымен азықтанады екен. Сібір жарасын тудыратын антракс бацилласы спора түрінде бірнеше ай тіпті ғасырға дейін өмір сүре береді. 

Бактерия мен вирустардан аулақ болу үшін қолыңызды антибактериялды сабындармен жиі жуып тұрыңыз. Бұл бірер ауруды жұқтыру ықтималдылығын азайтады. Үйдегі қауіпті орындар – есік тұтқасы мен асхана жиһаздары, әжетхананы жиі дизенфекциялауды ұмытпаңыз.

Т. Раушанұлы