Қыздарға футбол ойнау қауіпті – ғалымдар

Қыздарға футбол ойнау қауіпті – ғалымдар
Фото: WideFon.com

Бір қарағанда қарапайым көрінгенмен, футбол да қауіпті спорт түрлерінің санатына жатады. Неге десеңіз, жасыл алаңдағы соқтығысулар мен доптан алған соққы, қарсыластың шалуы секілді құйтырқы әрекеттер денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

"Футбол – ерлерге қарағанда қыздар үшін қауіпті" - дейді Альберт Эйнштейн колледжінің ғалымдары. Себебі қыздардың басына доп тигенде миына ерлерге қарағанда бес есе артық зақым келеді екен. Бұл қыз балалардың генетикалық тұрғыдан нәзік болуымен тікелей байланысты.

Ғалымдар зерттеуіне 98 футболшы қатысқан. Олардың тең жартысы – ерлер, жартысы қыздар болған. Футболмен айналысып жүргендеріне бірнеше жыл болған бұл ойыншылар арнайы таңдалған.

- Басқа доп тигенде, допты баспен ұрғанда миға қалай әсер ететінін зерттеу басты мақсат болды. Байқағанымыздай қыздар допты баспен ұрғанда миына айтарлықтай зиян келетінін анықтадық. Ерлерге қарағанда миындағы ақ заттың көлемі бес есе ұлғайды, - дейді мамандар.

Футбол 1970 жылға дейін ерлер спорты саналып келді. Кейіннен барып қана әйелдер футболы маңызға ие бола бастады. Әйелдер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты 1991 жылы өтті. Одан бері араға 4 жыл салып ұйымдастырылып келеді.

Допты баспен ұру – миға зиян келтіреді. 2016 жылы Шотландиядағы Стерлинг университетінің зерттеушілері допты баспен бірнеше рет ұрғанның өзі футболшылардың ми жұмысына зақым келтіріп, жадын нашарлатады деген қорытынды жасаған-ды. Допты баспен қатарынан 20 рет ұрғаннан кейін жадының қызметі 41%-дан 67%-ға дейін төмендейді де, бір күн ішінде қалпына келеді екен. Зерттеушілер футболшының допты баспен бірнеше рет ұрғаннан соңғы зиянын тәжірибеге алған. Ал футболды тұрақты ойнайтындарда оның әсері қаншалықты күшті болатыны жайлы толық зерттей алмаған.

Айта кетейік, 2016 жылы АҚШ-та 11 жасқа дейінгі балаларға баспен ойнауға тыйым салған болатын.

Н. Үсенова