Тіс обыры – қауіпті

Тіс обыры – қауіпті
Фото: Блог супер мамы

Қазақтың тіс ауруын дерт деп санамайтыны бар. Ал негізінде тісте кінәрат болса, оны емдеткен абзал. Бұл әсіресе тіс обырына қатыс­ты.

Тіс обыры тез дамитындығымен қатерлі. Өйткені жақ миға таяу орналасқандықтан обыр миға шабуы мүмкін. Ол өзінің ушығып-дамуы бойынша 4 сатыға бөлінеді. Адам оның 4-ші сатысына ұшыраса оның өміріне қауіп төнеді.  1-2-сатысында  емделген адамдарға, егер дер кезінде емделсе, олардың 80 пайызына 5 жылға дейін өмір сүруге мүмкіндік туады. 3-сатысына өтіп кетсе, мұндай мүмкіндік 2 есеге дейін қысқа­рады. Ал 4- сатысында 15 пайызға дейін төмендейді.

Бұл дерт тек хирургиялық жолмен ғана емделеді. Ісікті алып тастағаннан кейін тіс ұмасын қалпына келтіру үшін де хирургия көмегі керек. Сонымен қатар қажеттілік туса, химиялық, радиология­лық терапия сияқты қосымша емдер қолданылды.

Ал бұл қатерлі дерт қалай білінеді? Бұл – одонтома, цементома сияқты қатерсіз ісік ісік емес, адамантинома – ол тіс эмалінен бастау алады. Аса сирек кездесетін бұл дерттің негізгі себебін ғалымдар  әлі анықтаған жоқ.  Дерт көп жағдайда төменгі жақ аумағында, оның бұрышында, ең шеткі азу тіс аумағында туындайды. Оның тығыз және кистозды түрі болады. Біріншісі – бірнеше қабаттан тұратын ісік, екіншісі – іші қоңыр түсті затқа толған өскін. Бұл кистоздық бүлінуге ұқсас, ісік ұлғая келе тығыздалып, сүйек тәріздес күйге айналады, олар кейін бір ісікке бірігеді.

Бұл қауіпті дерттің туындауына кілегей қабаттың созылмалы бүлінуі, иондық сәулелену, темекі шегу, насыбай ату, үнемі ыстық  цехтағы, тозаңы көп тұйық бөлмедегі жұмыс, тым ащы, аса тәтті тағамдарды жиі пайдалану сияқты жайлар әсер етуі мүмкін.  Сондай-ақ бүйрек, бауыр, өкпе ісігі бар нау­қастарда да тіс обыры пайда болуы ықтимал.

Жалпы, ауыз қуысында ұзақ уақыт жазылмай жүрген  жарақат болса, көзге анық көрінетін деформациялар байқалса, бүлінген немесе сау тісте ауырсыну пайда болса, сезімталдық өзгерсе, жалпы, тіс ауруларының барлық көрінісінде де алаңсыз жүре бермей, дәрігерге көрінген абзал. Тіс қанталай берсе де оған немқұрайды қарауға болмайды. Иекті жай басқанның өзінде қан шықса да қауіпті. Бұл белгілерге қоса иек ісінуі, дене қызуының көтерілуі мүмкін.

Қорыта айтқанда, тісіңізге қамқор болыңыз, балаларды осыған үйретіңіз. Тісі түгел емес немесе  ұсқынсыз, тіпті бір тісі жоқ орынды елестетіп көріңізші. Сондай болып қалмас үшін алдын-ала әрекет жасаңыз. Тіс ең алдымен ас қорыту органдары үшін маңызды. Ол тіпті дұрыс, анық сөйлеу үшін де керек. Міне, осындай қыруар тірліктер атқаратын тіс – мықты, сонымен қатар ол тым нәзік. Сондықтан тістің саулығы түрлі мәселелерге себеп болады. Тісі саудың – іші сау екенін ұмытпаңыздар!

 zamana.kz

Н. Үсенова