Уақытыңыздан бұрын қартаймас үшін...

Уақытыңыздан бұрын қартаймас үшін...
Фото: Александр Беленький

Адамның мезгілінен бұрын қартаюына жаман әдеттер ғана емес, кейбір басқа әдеттер де әсер етеді екен.

Мамандар ішімдікке, темекіге, тым тоя тамақ ішуге құмарлықтан бөлек, бірақ адамның қартаюына солар сияқты әсер ететін мынадай әдет­терді атап көрсетіп отыр:

Заттарға көзіңізді қысып қарап үйренбеңіз. Жазда күннен қорғайтын көзілдірік киіңіз. Егер арнайы көзілдірік тағатын болсаңыз, оның көзге дұрысын, тиімдісін таң­даңыз. Көз айналасына әжім түспес үшін арнайы кремдер қолданыңыз. Бір ауық көзге жаттығу жасап тұрыңыз. Көзді жоғары-төмен, оңға-сол­ға қарату арқылы жасал­ған жаттығудың пайдасы бар.

Сусынды түтікпен ішуді әдет етпеңіз, ол ауыз айналасында әжім пайда болуына себеп. Темекінің де осындай әсері бар. Сағыз шайнау, пісте шағу сияқты әдеттер де ерін-мұрын ұшында әжімдер, сызықтар пайда болуына жол ашады.

Теріні тым көп ысқыламаңыз, ол оны әлсіретеді. Әсіресе бұл сезімтал теріге жаман. Оны түлеген кезде ылғалдандырғыш креммен майлаған жақсы. Егер тері құрғауға, қабынуға бейім болса, оған зәйтүн майынан, алоэдан жасалған крем, ал майлы болса, майы ажыратылған, гиалуронды креммен майлаған жақсы.

40 жасқа дейін тері қартаюына қарсы крем қолдануға болмайды. 25 жасқа дейін тониктер мен ыл­ғалдандырушы кремдер (күн суықта – қорғаушы кремдер), ал 35 жасқа дейін қоректік, стреске қарсы кремдер пайдалы. 40 жасқа қарай лифтинг пен әжімге қарсы кремдер жақсы.

Иығыңызды қушитып жүрмеңіз. Арқаның сүйек, бұлшық еттері мығым болуы керек. Адам еңсесін тіктеп жүруі керек, әйтпесе ол денеге, ішкі органдарға да зиянын тигізеді. Сондықтан денені мұндай күйге ұшыратпау керек.

Мынадай жаттығулар жасаңыз: Үстелде немесе орындықта отырғанда дем сору кезінде иықтарыңызды барынша артқа тартыңыз, бұл кезде арқа бұлшық еттері жиырылып, кеуде алға шығады. Дем шығарғанда иықты орнына келтіресіз. Бұл кезде иықты алға тартып, аздап еңкейіп, арқаны дөңгеленте барып түзейді. Жаттығуды жиірек, бір ретте 3-4 мәртеден жасау керек.

Бүкіреймеңіз, денені түзу, иықты, кеудені керіп ұс­таңыз – бұл дені-басы сау, жігерлі, ерік күші көп, тәуелсіз адам сымбаты. Сізді жұрт осыған қарап бағалайды.

Дереккөз: zamana.kz

Н. Үсенова