Ағза жасушалары қалай жаңарады?

Ағза жасушалары қалай жаңарады?
Фото: agodivorce.cf

Адамның ішкі ағза мүшелерінде түрлі жаңарулар жиі жүріп жатады екен. Мұны ғалымдар әлдеқашан анықтапты. Ендеше бұл жөнінде біле жүріңіз. 

Бауыр. Аталған мәселе бойынша адамның ағза мүшелері ішіндегі чемпионы – бауыр. Бауыр жасушалары шамамен әрбір 5 айда жаңарып тұрады. Тіпті операция жасалып, жартысынан астамы алынып тасталса да бауыр толық қалпына келе алады дейді ғалымдар. Ал бауырдың осындай қабілеті сақталуы үшін адам майлы, ащы, қуырыл­ған, ысталған тамақтарды көп жемеуі, ішімдік мен дәрілерді көп қолданбауы керек. Бауырға қамқорлық жасалмаса, ол цирроз, обыр сияқты қатерлі ауруларға ұшырайды.

Ішек. Ішектің ішкі қабырғаларындағы ұсақ бүрлер адамға азық құрамындағы қоректік заттарды сіңіру үшін қажет. Ол арқылы асты қорытатын асқазан сөлі де өтеді. Ал, ол қышқыл болғандықтан бүрлерге әсер етіп, оларды жояды. Есесіне ішек өз бүрлерін әрбір 3-5 күнде жаңартып отырады.

Жүрек. Жүрек жасушаларының жаңаруы бүкіл  өмір бойына 1-2 рет ғана орын алады екен. Сондықтан жүрекке аса қамқорлық қажет.

Өкпе. Өкпе жасушаларының жаңару жылдамдығы әрқалай. Мысалы, альвелоа (бронхтың төменгі жағындағы ауа қапшықтары) 11-12 айда бір рет, ал өкпе бетін­дегі күнде­лікті шаң-тозаң ар­қылы енетін зиянды заттарды жиі қабылдауға мәжбүр жасушалар 14-20 күн са­йын жаңарады. Зиянды әдеттер, лас ауа альвеолалардың жаңаруын тежейді,  осыдан өкпе эмфиземасы туындайды.

Сүйек. Қаңқа сүйектері үнемі жаңару үстінде болады. Ал қаңқаның толық жаңаруы 10 жыл аралығын қамтиды. Жас ұлғая келе сүйек жіңішкеріп, әл­сі­рейді, содан жаңаруы тежеледі.

Ми. Ми жасушалары көп жаңармайды. Әйтпесе адам алған ақпараттың бәрі уақытымен ұмытылар еді. Есесіне жағымсыз өмір салты, темекі, есірткі, ішімдік жасушаларды өлтіру арқылы миды бүлдіреді. Дегенмен, мидың жаңаратын жасушалары бар, олар екеу. Біреуі – иіс сезуге жауапты бөлікте, екіншісі тың жаңалықты «сақтау орталығына» бағыттайтын және кеңістікті сезіну бөлі­гінде.

Көз. Көзде тек мүйізгек қабығы (роговица) жасушалары ғана жаңарады, оның жоғарғы қабатындағылары 7-10 күнде жаңарады. Ал мүйізгек қабықша жарақаттанған жағдайда бұл процесс тез жүреді.

Тіл. Тілдің үстінде 10 мың рецептор бар, олар ас дәмін сезіндіреді. Олар әрбір 10 күн сайын жаңарады. Ал адам  темекі шегетін болса, ауыз қуысына инфекция түссе, мұндай  жаңару тежеледі, дәм сезу рецепторларының  сезімтал­дығы төмендейді.

Тері. Терінің беткі қабаты 2-3 апта сайын жаңарады. Бірақ бұл оған дұрыс күтім жасалғанда, уль­тракүлгін сәулені шамадан тыс қабылдамағанда ғана. Алайда терінің жаңаруына темекі шегу кедергі келтіреді.

Шаш. Шаш орташа алғанда айына 1 сантиметр өседі, ұзындығына қарай бірнеше жылда 1 рет жаңарады. Ерлерде ол 3 жылды, әйелдерде 6 жылды қамтиды. Ал, қас пен кірпік түктері 6-8 аптада бір жаңарады.

Тырнақ. Қолдың тырнағы айына 3-4 миллиметрге, ал аяқтың тырнағы одан 2 есе баяу өседі. Қол тырнағы жарты жылда,  ал аяқ тырнағы 10 айда бір жаңарады. Бір қызығы, шынашақ тырнағы бәрінен де баяу өседі.

Қорыта айтқанда, жаман әдеттер, жайсыз өмір салты, түрлі дәрілер қолдану ағза жасушаларының жаңаруын, қалпына келуін баяулатады. Сондықтан өз ағзаңызға қамқор болғаныңыз абзал.

zamana.kz

О. Сансызбай