Құрт ауруымен күресу күні

Құрт ауруымен күресу күні
Фото: asbacademy.org

Бүгін бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні. Бұл күн дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен неміс микробиологы Р.Кох осы аурудың таяқшаларын ашқан күнінің құрметіне орай атап өтіледі. 

Туберкулез микобактериялары – жіңішке, түзу не сәл иіліп келген таяқшалар. Олардың ұзындығы – 1-10, ені – 0,2-0,6 мкм.

Туберкулезді – көшпенді бабалар құрт ауруы деп атаған. Бұл адамдар мен жануарлар арасында тарайтын созылмалы жұқпалы ауру. Оның тарихы тым әріде жатыр. Осыдан 7 мың жыл бұрын өмір сүрген неолит дәуіріне тиесілі адамның сүйегін тапқан уақытта, оның денесінен туберкулез таяқшалары табылған. Сонымен қатар, б.з.б. 3-2 мыңжылдықта күн кешкен Мысырдағы мумиялардан да осы аурудың белгілері байқалыпты. Туберкулез клиникасы туралы алғашқы дәйектер ІІ ғасырда өмір сүрген дәрігер Аретейдің еңбектерінде кездеседі. Бірақ ол туберкулезді жұқпалы ауру қатарына жатқызбаған. Ал Әбу Әли ибн Сина төл еңбегі “Дәрігерлік ғылымның канонында” бұл індетті тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатқызыпты. Туберкулездің жұқпалы ауру екенін бірінші болып ресми түрде дәлелдеген – италиялық ғалым Дж.Фракасторо.

Туберкулез ауруға қарсы иммунитеті нашар дамыған 3 жасқа дейінгі балаларға тез жұғады. Ал, жасөспірімдер арасында жыныстық жетілу кезеңінде пайда болады. Бұл ауру шындығында тұқым қуаламайды. Туберкулезбен ауыратын адамдардың балалары ауру болып тумайды. Бірақ, Туберкулезбен ауыратын ата-ана өз уақытында емделмесе дертті баласына жұқтыруы өте оңай.

Еске сала кетейік, Қазақстанда әр жыл сайын 20-27 мың адам дәл осы дертке шалдығады. Олардың арасынан 4-6 мың адам қайтыс болып, 3 мыңы мүгедектің күнін кешеді.

А. Қажиев