Ағзаға йод жетіспегенде...

Ағзаға йод жетіспегенде...
Фото: sorokulya.ru

Бүгінгі таңда  аурудың алдын-алу – басты мақсат. Себебі ауру асқынып, созылмалы болып кеткен соң науқастың айығуы қиындай түседі.

Негізінен йод адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті микроэлемент болып табылады. Ал ағзаға тағам мен судан түсетін қажетті йод мөлшерінің жетіспеуі йод жетіспеушілік аурулары мен бұзылушылықтарына әкеліп соғады.

Йод жетіспеушілік ауруларының ішінде аса қауіптісі – эндемиялық зоб. Мұның салдарынан көптеген аурулар, мәселен, түйінді құрылымдар мен қатерлі ісіктер дамуы мүмкін. Оның ең ауыр түрлері – балалардың ақыл-есі мен дене бітімі дамуының кешеуілдеуі, жыныс органдарының жетілмеуі, екіқабат әйелдердің түсік тастауы немесе керең, көзі көрмейтін, ақыл-есі кем балалардың туылуы. Еліміздің көптеген аймақтарында йод жетіспеушілік салдары байқалады.

Йод жетіспеушілігі әсіресе Қазақстанның оңтүстік және шығыс бөлігінде  көптеп кездеседі. Зобтың эндемиялық сипатта дамуы жаппай алдын-алу шараларын жүргізу қажеттілігін тудырып отыр.

Біріншіден, азық-түлік өнімдері мен су арқылы тұрғындарды йодпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қажет. Сол себепті йод жетіспеушілік ауруларына алдын-алу жұмыстарын жүйелі жүр­гізу керек.

Йодқа аса мұқтаж аудандарға таулы жерлер мен аумағы теңізден алыс орналасқан аумақтар кіреді. Өсімдіктер мен жануарлар организмінде йодтың болуы қоршаған ортаға байланысты. Се­бебі көптеген топырақтарда йодтың құрамы аз және азық-түлік өнімдерінің басым көпшілігі бұл микроэлементке тапшы.

Йод жетіспеуінің алдын-алудың ең бір тиімді жолы йодпен байытылған теңіздің ұсақ жән­діктерін, теңіз балықтарын, теңіз балдырларын, теңіз өнімдерін тағамға пайдалану болып табылады. Сонымен қатар қазіргі кезде тағамға йодталған тұз пайдалану, байытылған ұнды пайдалану кеңінен қолданылып келеді.

Йодтың 90 пайызын адам тағамнан, ал қал­ғандарын ауа мен судан алады. Сондықтан йод жетіспеушілігінің алдын-алуда дұрыс тамақтану басты роль атқарады.

Аурудың алдын-алу – денсаулық кепілі.

Дереккөз: zamana.kz

Ө. Сансызбай