Қыста қуат алудың тибеттік тәсілдері

Қыста қуат алудың тибеттік тәсілдері
Фото: doctorvkitae.ru

Әлемде Тибет медицинасын алдыңғы қатарлы деп көпшілігі мойындайтыны белгілі. Осы орайда тибеттіктер ұстанатын қысқы диета туралы да айта кетуді жөн көрдік.

Тибет медицинасында қысқа қарай өсімдіктердің барша қуаты төменге  қарай бағытталатыны айтылады. Яғни бар қуаты тамырға жинақталады, жоғарғы жағы өспейді. Сол сияқты адам ағзасы да қысқы режимге өтіп, денедегі сыртқы жылу бөлетін ұсақ тесіктер жабылады екен. Бұл ағзаның жылу сақтауы үшін керек. Содан ішкі жылу көбейіп, адам қуатын арттырады, одан адам май жинап, семіруі де мүмкін. (Бір қызығы, Тибет медицинасы бала сүйгісі келетіндерге осы кезде әрекетті жиірек жасауға кеңес береді екен).

Тибет медицинасы бойынша адам өз жасына, жынысына, ағза ерек­шелігіне, тұратын жері мен жыл маусымына қарай тиісті тамақтану режимін ұстануы тиіс. Сонда оның денсаулығы қалыпты болады. Мысалы, ылғалды аумақтағыларға ыстық тағамдар тиімді болса, ауасы құрғақтағыларға мұндай ерекшелігі бар тағам кері әсер етеді.

17 жасқа дейінгілер мен 70 жастан асқандардың ағзасында 17-70 жас арасындағы адамдардікіне қарағанда жылу біршама аз. Сондықтан олар неғұрлым жылы жүруге, жылытатын тағамдар жеуге дағдыланғаны дұрыс. Мысалы, оларға зімбір пайдалы. Жасы ұлғайған кісілерге жүрекке пайдалы, ұйқыны тыныштандыратын мускат жаңғағы пайдалы. Орта жастағыларға бүйрекке, денсаулыққа пайдалы кардамон қолданып тұрған жақсы.

Жалпы қыста ағзада жылу көп жиналады. Сондықтан ауыр емес, ағзаға сіңімді тағам жеген дұрыс. Жаздағыдан көбірек тамақтану керек. Әсіресе жақсы сіңетін кешкі астан бас тартпаған дұрыс. Өйткені ағзада жылу мол, ол тез қорытылады, оның үстіне асқазан түні бойы бос қалмауы керек, әйтпесе ол желденеді, ағза қуаты содан азая түседі.

Тағамның тәтті, қышқыл, аздап тұзды болғаны жақсы. Тым ащы, тұтқыр дәмді тағамның қажеті жоқ. Бұл уақытта сиыр, қой, балық, тауық еті, жылу бөлетін дәмдеуішті күріш, сұлы сорпасы, бульондар пайдалы. Алма, шабдалы, ананас та жылу бөлетін жемістер. Ал банан, жүзім ауырлау. Негізінен қыста көкөністердің бәрі пайдалы.

Дереккөз: zamana.kz

Н. Үсенова