Қыстың адам денсаулығына пайдасы мен зияны

Қыстың адам денсаулығына пайдасы мен зияны
Фото: Twitter

Әне-міне дегенше қыс маусымы да келіп жетті. Бұл кездің өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Қыстың ағзаға жағымды және жағымсыз әсерлері жөнінде біле жүргеннің артықшылығы жоқ.

Қыс мезгілінің пайдалы тұстары

Қыста ауа тазара түседі, демек оттегі көбейеді. Зиянды заттар азаяды, оларды қар өзіне сіңіріп алады. Суық ауаның әсер етуі қан айналымын жақсартады, сол себепті тері созылғыш болады. Бұл кезде ультракүлгін сәуленің әсері де азаяды. Салқын ауаның терісі майлы адамдарға да пайдасы бар, өйткені май бездерінің жұмысы бәсеңдейді. Аязда вирустар өледі, сөйтіп ағзаның иммунитеті артады. Өйткені жылыну үшін адам белсенді қимылдайды, инфекциямен күресетін лейкоциттердің жұмысы күшейеді, интерферон көп түзіледі. Адам дене жаттығулары арқылы шыныға түседі. Дегенмен 15 градустан төмен температурада жүгіру, велосипед айдау сияқты белсенді әрекеттер жасалмауы керек, одан өкпе «күйеді». Мұндайда жылы киініп, серуендеген пайдалы.

Бір қызығы, қыста ауырсынуды сезіну біршама төмендейді. Себебі -5 градустан төмен температурада жүйке ұштарының сезімталдығы азаяды. Олар миға дабыл беруін азайтады. Сондықтан ауырған, ауыртып алған жағдайда аязда серуендесе, ол біршама басылады. Аяз жүйке ширығуын, бас ауыруын басады.

Қыста жаздағыдай аллергия туындататын тозаңдар жоқ. Сондықтан да бұл кезде тыныс жолдары тазаланып қалады. Дегенмен аязға аллергия болуы мүмкін. Оны болдырмас үшін суық жерге бірден шықпаңыз. 5 минуттай орташа, салқын жерде болу керек. Қалың сырт киіммен балконда 5 минут отыра тұруға болады.

Қыста ағзаны жылытуға көбірек қуат керек. Сондықтан бұл кезде көмірсулар мен майларды «жағу» жақсы жүреді. Бірер сағат серуен құрсаңыз, оның салмақ тастауға пайдасы бар. (Дегенмен майды «көп жұмсамау» жағын да ойлап қою керек. Өйткені ол жылуды жақсы өткізеді, жаурап қалғанда тез жылыну үшін де керек).

Аяз ағзада «бақыт гормонының» (серотонин) көп түзілуіне жол ашады. Ол вегетативті жүйенің жұмысын жақсартып, сол себепті адамның стреске төзімділігі артады, ол ашушаңдықтан арылтады, адам өзіне көңілі толып жүреді. Бұл кезде тәулік мезгілін сезіндіретін және ұйқыға жауапты мелатонин түзілуі де артады. Сол себепті адамның ұйықтауы жеңілдейді. Бұл кезде ас қорыту, қартаю да баяулайды. Жасушалар тез жаңаланады.

Қыстың зиянды тұстары

Қыс кезінде күн қысқа, бұл ағзаға кері әсер етеді, Д витамині түзілуі тежеледі, қалқанша бездің белсенділігі төмендейтіндіктен зат алмасуы баяулайды. Сондықтан мүмкін болса, ашық күн астында, жарық жерде жиірек болуға тырысқан жөн.

Бір есте сақтайтын жайт – бөлме ауасының тым құрғап кетпеуіне баса мән беру керек. Оны желдетіп тұрған жөн. Ұйқы кезінде де ағзаға оттегі керек екенін ұмытпаңыз.

Қыста бронхит, колит сияқты аурулар біраз мазалауы да мүмкін. Өйткені алғашқы кездегі суық бұл созылмалы ауруларды «оятып» жіберуі ықтимал. Сондай-ақ жылы жерден бірден суыққа шығудың тамырды тарылтып, құрыстыруы мүмкін екенін де ұмытпау керек. Яғни бұл кезде инфаркт, стенокардия қаупі артады. Буындардың қозғалғыштығы төмендейді, гипертониямен ауыратындардың мазасы кетеді. Сондықтан суық ауаға біртіндеп бейімделген абзал.

Қыстың ең қауіпті жайсыздығы – суықтап қалу, үсу. Сондықтан жылы киініп, саусақ, құлақ сияқты тұстарды жылы жауып жүрген жөн. Мұрынға да абай болу керек. Әсіресе ауада ылғал жоғары әрі қатты жел болып тұрса далада ұзақ жүрмеңіз.

Терлететін, ылғал киім, су аяқ киім кимеңіз. Жиі тынығыңыз, уақтылы тамақтаныңыз. Аш әрі шаршаңқы адам тез суықтайтынын ұмытпаңыз.

 Дереккөз: zamana.kz

Н. Үсенова