Балық — жүректің емі

Балық — жүректің емі
Фото: AllMoldova

Балық әуес ас екені белгілі. Алайда оның пайдасы өте көп. Балық етіндегі холестерин мөлшері мал етінің құрамындағы холестериннен 3 есе аз болады. Сондықтан балық жүрекке бірден-бір пайдалы тағам. Бұрын-соңды балықтың көзге пайдалы екенін білсеңіз, енді жүрекке де пайдалы екенін біле жүріңіз.

Эксимостардың денсаулығы мен өмір салтына жүргізілген зерттеу нәтижесінде ғалымдар балық етінің жүрек саулығына тікелей байланысы бар екенін анықтаған. Суық жер тұрғындары негізінен балық етімен қоректенеді, ал жеміс-жидек, көкөністің аз ғана түрін аз мөлшерде тұтынады. Осыған қарамастан ғалымдар олардың жүрек-қан тамыр жүйелерінен еш ақау таппағанын айтады. Осыдан соң арнайы зерттеу жүргізіп, нәтижесінде балықтың еті мен майы жүрек ауруларының алдын алуда белсенді әрекет етеді деген қорытынды жасаған.

Балық майын балаларға Д дәруменінің негізгі көзі ретінде тағайындаса, 40 жастан асқан кісілерге инфаркт пен инсульттің алдын алу үшін тағайындаған. Балық майы қанның ұюына жол бермейді, жүрек қағысын реттеп, жүрек ұстамасы дертінің санының азаюына, яғни жоғарғы қан қысымында, артериялық қысымның төмендеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар созылмалы қабынуларда, артритте, тоқ ішек қабынғанда, басқа да ішек қабынуларында балық майының көмегімен қабынудың беті қайтып, ішек жайланады және демікпе, кейбір тері аурулары мен бүйрек ауруы, күйзеліс пен созылмалы шаршаңқылық синдромында өз көмегін тигізеді.

Балық майын қандай жағдайда пайдалану керек?

— А дәруменінің тапшылығында (өткір респираторлы ауруға жиі шалдығу, сүйек дамуының бұзылысы, көру қабілетінің төмендеуі, тері, шаш, тырнақ, тіс құрылымының бұзылуы);

— Көз ауруларын емдеу кезінде;

— Д дәрумені тапшылығында;

— Атеросклероз бен тамыр зақымдалуларының алдын алуда;

— Тромбофлебитті емдеу кезінде;

— Иммунитетті нығайтып, есте сақтау қабілетін қалыпқа келтіру мен күйзелісте;

— Ыстықтан және химиялық заттардан болған күйікті жазуда (теріге сырттай қолданады).

Есіңізде болсын!

• Балық майын ағзаның сезімталдығы жоғары болса, қан құрамында Д дәруменінің мол көлемі шоғырланған болса, несеп жолы мен өт жолында тас байланған болса, қалқанша безінің жұмысы тым белсенді болғанда тұтынуға мүлде болмайды.

• Балық құрамындағы негізгі пайдалы зат омега-з болғанымен, ол тез бұзылып, не қышқыл тартып, өзінің емдік қасиетін жояды. Оны болдырмау үшін балықтан әзірлеген тағамға С және Е дәрумендерін қосқан дұрыс. Мәселен, ақсерке тілігіне лимон шырынын тамызу, оның тек дәмін кіргізіп қана қоймайды, құрамындағы пайдалы заттарын да сақтап қалады.  «Тон астындағы майшабақты» салатын дайындағанда майшабақтың құрамын сақтап қалу үшін, оған аздап күнбағыс майын тамызады. Сонымен қатар бұл мақсатта қызылша, пияз және сәбізді де пайдаға асыруға болады.

• Балықтан жасалған тағамның тез дайын болғаны дұрыс. Өйткені оның құрамындағы ақуыз ұзақ уақыт жоғары температурада өнделгенді ұнатпайды. Ал қыздырып не қайнатып пісіру үшін 10-20 минут жеткілікті. 

Н. Үсенова