Тақырыпты оқып, алдағы 1 минутта міндетті түрде есінейсіз

Тақырыпты оқып, алдағы 1 минутта міндетті түрде есінейсіз
Фото: on-desktop.com

Есінеу – ғылымда әлі күнге дейін толық жауабын таппаған адамның іс-әрекеті. Сіз осы жазбаны оқып міндетті түрде есінейсіз. Себебі, бұл құбылыс - рефлексті қимыл. Адамдардың 55 пайызы «есінеу» деген сөзді естіген кезде немесе оқыған кезде өзі де есіней бастайды.

Бұл құбылысқа түрлі жағдай әсер етуі мүмкін. Қатты шаршағанда, стресс кезінде, қобалжығанда, тоңған кезде, ұйқы келгенде немесе ұйқы қанбаған жағдайда адам жиі есінейді. Сонымен қатар, өзінің осы қимылынына көңілі ауса, ол қайталана береді. Сол себепті, бір есінеген кезде ойыңызды басқа жаққа ауыстырып жіберуге тырысыңыз. Ол қолыңыздан келмесе таза ауада демалып, ұйқы шала болған жағдайда сәл мызғып алған дұрыс.

Есінеу тек адамдарға қана тән қимыл емес. Сонымен қоса, құстар, жан-жануарлар, сүтқоректілердің көптеген түрі бұл әрекетті жасай алады.

«Ми көп жұмыс жасап, шаршаған кезде автоматты түрде есінеу арқылы демалып, тынығып алады. Осылайша, жүйке де тынышталып, әрі қарай сергек қимылдауға көмегін тигізеді»,- дейді медицина мамандары. Есінеу кезінде ауыз қуысындағы барлық бұлшық еттер қимылдап, созылады. Тыныс алу жолы ашылып, терең дем алынады.

Денсаулығы мықты, бойдағы қуаты тасып тұрған, ұйқысы қанып, өзін сергек ұстап, миы тыныққан адам көп есінемейді.

Есінеудің денсаулыққа зияны жоқ деп мәдениет мәселесін естен шығарып алмаңыз. Ауызды қатты ашып есінеу сырт көзге ерсі көрінеді. Әсіресе адам көп жерде қатты есінегіңіз келсе де, ерінді тістеп өзіңізді тежегеніңіз дұрыс. Бұл әрекетті әр кез қайталаған сайын, міндетті түрде сол қолдың артымен ауызды жапқаныңыз абзал.

А. Қажиев