Ағаш ыдыстың пайдасы

Ағаш ыдыстың пайдасы
Фото: el.kz

Бүгінгі таңда ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарды ас бөлмеден сирек кездестіреміз. Алайда олардың денсаулыққа тигізер пайдасы жөнінде біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Олар әртүрлі ағаштан жасалатындықтан, денсаулыққа тигізер әсері де әртүрлі болады екен. Бастысы ағаш ыдыс-аяқтардың денсаулыққа ешқандай да зияны жоқ. Ендеше ағаш бұйымдарының пайдалы тұстарын біліп жүріңіздер.

1. Жөке (липа) ағашы қабынғанға қарсы тұрады.

2. Шетен (рябина)  ағашы авитаминоздан сақтайды.

3. Қайың (береза) ағашының қабығынан ұн, жармаларды сақтауға  арналған ыдыстар жасалады. Сонымен қатар қайың қабығы бактерияларды өлтіріп, түрлі ауруларды емдейтін қасиетке ие.

4. Емен (дуб) ағашы қабынуды болдырмайды және бұл ағаштан жасалған ыдысқа шырын құйып ішсе, ол өзіндік дәмі мен иісін береді.

5. Балқарағайдан жасалған ыдысқа тағамды құятын болса, оның дәмі жоғалмай, ұзақ уақытқа сақталады.

6. Арша (можжевельник) ағашынан жасалған ыдыста сүт бұзылмай, ыстық күннің өзінде ашымайды.

7. Үй жағдайында жасалатын шарапты ағаш ыдысқа құйып қойса дәмін жоғалтпайды. Мысалы, коньякты емен ағашынан жасалған ыдыста дайындайды.

8. Көктеректен (осина) жасалған ыдысқа емдік шөптерді демдеп ішсе, емдік шөп өз табиғилығын жоғалтпайды. Сондықтан да дәл осындай ыдысқа пайдалы өсімдік тұнбаларын әзірлеу керек.

Ағаштан жасалған бұйымдар тек емдік қасиетке ғана емес отбасындағы келеңсіздіктерді болдырмай, үй тыныштығын сақтауға көмектесе алады екен. Мәселен:

1. Қараағаш (ольха) үйдегі жамандық атаулыны қуып шығып, адамға күш-қуат береді.

2. Жаңғақ ағашы алғырлық пен көрегенділікті сыйлайтын қасиетке ие.

3. Үйеңкі (клен) ағашы әйелдерге қырағылық пен сезгіштік қасиетті бере алады.

Ағаш ыдыстардың күтімі

Ағаштан жасалған ыдыстар ұзаққа сақталады. Сондықтан көп пайдаланғаннан кейін іші қарайып бүліне бастайды. Ыдысты бастапқы қалпына келтіргіңіз келсе, ыдысты сутек тотығымен сүртіңіз. Артынан жылы сумен шаюды ұмытпаңыз. Егер де ыдыстан көгерген иіс шығатын болса, ыстық суға сіркесуын тамызып, сол суға ыдыстарды жуып алыңыз. Ад жаңадан сатып алынған ағаштың иісін кетіру үшін оны 2-3 апта бойы суға салып қою керек. Алайда суды жиі-жиі ауыстырып отыру қажет. Сонымен қатар кейде ағаш қасықтардан көкөніс немесе жеміс шырындарының бояуы кетпей қалады. Мұндайда қасықтарды хлорлы суға 15 минут қайнатып алу қажет. Содан соң хлордың иісін кетіру үшін бірнеше сағат салқын суға салып қойсаңыз болды. Ағаштан жасалған тақтайлардың тек бір бетін ғана жумай екі жағын да бірдей жуып, суын сорғытып қойған дұрыс. Сонымен қатар ағаш ыдыстарды ешқашан күнге қоймаңыз. Мұндай бұйымдарды лактауға да болмайды. Себебі ол өзінің табиғи қалпын жоғалтып, пайдасы да болмай қалады. Ағаш ыдыс-аяқтарды күту үшін міне осындай тәсілдерді пайдалансаңыз, еш ұтылмайсыз.

Н. Үсенова