Теріскен шықса

Теріскен шықса
Фото: vseozrenii.ru

Теріскен деген не және ол қайдан пайда болады?
Теріскен – қабақтың шырышты қабатының қабынуы әсерінен пайда болатын, пішіні кішкене дәнге сәйкес келетін іріңді жара. Ол бір уақытта бір көзде бірнешеуі пайда болуы немесе екі көзге бірдей шығуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдайлар сирек кездеседі.

Қабынудың белгілері:
– Көздің қызаруы;
– Жиі жас ағу;
– Қышу;
– Жарықтан көздің тітіркенуі;
– Көздің ішкі бөлігі ісінеді.

Теріскен ішке және сыртқы болып жіктеледі. Теріскенді тудыратын бактериялар – стафилококктер. Ол әрбір адамның денесінде өмір сүреді. Көп жағдайда тыныш өмір сүргенімен, кейде белсенді болып, ірінді аурулар тууына себепші. Стафилококк мынандай ағзаларға түскен кезде, теріскен пайда болады:

– Кірпіктердің фолликулы, яғни, түктердің орналасу аймағы;
– Май бездерінің қабынған аймағы;
– Көзді құрғап кетуден қорғайтын бездің бөліну аймағына түссе.

Теріскенді емдеу үшін не істеу керек?

Теріскен – емдеуді қажет етпейтін аурудың түрі. 7-10 күн аралығында көзіңіз қайта қалпына келеді. Егер іріңді қапшық жарылса, тез жазылады.

Бірақ, жылы компрестер арқылы емделу үрдісін тездетуге болады. Ол үшін жұмсақ әрі таза матаны ыстық суға малып, оны 5-10 минут көзіңіздің сыртқы бөлігіне ұстаңыз. Ағаш қасықты да жылы күйінде көзіңізге бассаңыз, тезірек емделе аласыз. Теріскенді сығып, одан іріңді шығарамын деп әуре болмаңыз. Олай етсеңіз, ірің көз ішіне түсіп, өзге ауруларға әкелуі мүмкін. Теріскен ауырған жағдайда парацетамол немесе ибупрофен секілді дәрілерді қолдансаңыз болады.

Т. Есқали