МӘМС. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер жайы қалай болады?

МӘМС. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер жайы қалай болады?
Фото: YouTube

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қыркүйек айының басында Парламент палаталарының бiрлескен отырысында елiмiзде енгiзiлiп жатқан Медициналық сақтандыру жүйесiнiң толық жетiлмегенiн айтқан болатын. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді бұл жүйеден тыс қалмау мәселелерін шешуді тапсырған-ды.

Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында осы мәселе жайында айта кетті.

- Елбасының тапсырмасына сәйкес, медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәселелерді қайта тағы бір рет қарап шықтық. Қазіргі кезде Үкіметке де, Парламентке де аталған жүйені тиімді енгізуге арналған ұсыныстарды дайындап жатырмыз. Шыны керек, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерге қатысты мәселелер баршылық еді. Оны Президент те атап өткен болатын. Біз өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді медициналық сақтандырудан тыс қалдыра алмаймыз. Жаңа жүйеге қатыспағаны үшін медициналық көмектің кейбір түрлерін бермеуге де құқымыз жоқ. Алайда олар да медициналық сақтандыруға тұрулары қажет. Осыған байланысты біз ұсыныстарды дайындадық. Жақын арада соның барлығын Елбасының қарауына енгіземіз, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі.

Денсаулық саласына өзгерістер жасау әлеуметтік-экономикалық тұрғы­дағы мәселелердің қаншалықты қиын түйін екен­дігін бір айқындады. «Өзін-өзі еңбекпен қам­ти­ды» дейтін 2,7 миллион адамның еш салық төлеместен жұ­мыс атқарушылармен бір­дей әлеу­меттік игіліктерді пайдалану мүм­­­кін­дігі барлығы көрінді. Бұл жайында Елбасы да айта кеткен болатын. Мемлекет басшысы 3 миллионға жуық өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар санатына кiмдердiң жататынын анықтауды тапсырған-ды. 

Алдағы уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды тіркеу шаралары қолға алынады. Сондай-ақ министр медициналық сақтандыру қорындағы қаржы қайда жұмсалатынын, оның несиеге берілмейтіні жайлы да түсінік бере кетті.

- Медициналық сақтандыру қорындағы қаржы тек медициналық қызметтерге ғана жұмсалады. Бұл – заң талабы. Қорда ақша қалып отырады деп айта алмаймын. Себебі бізде медициналық қызметтер көп. Біздің қазіргі есебімізге сәйкес, барлық ақша денсаулық саласына жұмсалатын болады, - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық сақтандыру қорына жарналар төлене бастады. Қазіргі таңда бұл қорға жиналған қаржы көлемі 9,6 миллиард теңгені құрап отыр. Биылғы аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар төлеуде.

Ө. Сансызбай