Медициналық сақтандыруға 1519 денсаулық сақтау ұйымы өтініш берді

Медициналық сақтандыруға 1519 денсаулық сақтау ұйымы өтініш берді
Фото: Aaron Zapata,

2018 жылы медициналық көмек көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына барлығы 1519 денсаулық сақтау ұйымы өтініш берді. Бұл туралы Алматыда өткен арнайы жиын барысында айтылды.

Медициналық сақтандыру қорының ресми сайты жариялаған ақпар бойынша, өтініш берген денсаулық сақтау ұйымдарының 45 пайызы (686) жекеменшік клиникалар екен. Негізінен жоба аясында жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарының үлесін арттыру басты назарға алынып отыр.

- Өтініш беру нәтижесін жоғары бағалауға болады. Қор акционерлері бекіткен Даму стратегиясында жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарын мейлінше көбірек тарту жөнінде міндет жүктелген болатын. Дерекқор қалыптастыру жұмыстарының нәтижесі бұл мақсатқа қол жеткізуге болатынын көрсетіп берді», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова Алматыда сақтандыру жүйесін енгізу мәселелеріне арналған жиында.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын биыл алғаш рет жинақтады. Оған медициналық көмектің негізгі және жекелеген түрлерімен айналысатын денсаулық сақтау ұйымдары да енген. Бұл дерекқор жаңартылып тұратын болады. Яғни, белгілі бір себептермен базаға қосу туралы өтініш беріп үлгермеген денсаулық сақтау мекемелері де алдағы уақытта тиісті құжаттарын тапсырып, дерекқорға қосыла алады. Өтініштер үш жұмыс күні ішінде қаралады. Қор Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде пайда болған қызмет көлемін дерекқорға жариялайды.

Осыған дейін азаматтарды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханаларға тіркеу жайында жазған едік. Алматыдағы жиын барысында бұл тақырып та талқыланды.

Азаматтар бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға биылғы қыркүйек айының он бесі мен қарашаның он бесі аралығында тіркеле алады.

Тіркеу науқаны кезінде азаматтар емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады. Ал, медицина ұйымдары әр дәрігерге қанша жүктеме түсетінін және алдағы жылы жан басына шаққанда түсетін қаржы көлемін айқындау үшін осы екі айда тіркелген халық санын нақтылап алуы тиіс.

О. Сансызбай