Жаңа екпе пайда болды

Жаңа екпе пайда болды
Фото: okeydoc.ru

Бәріміз екпеге әбден үйреніп қалдық. Бала кезіңізде дифтерия, қызылшадан қорғайтын екпені қолданған боларсыз. Кейін, гепатиттен қорғайтын екпе қолданысқа енді. Жыл сайын тұмауға қарсы егілетін екпенің өзі сізді көп дерттен сақтайды. Жақында Қытай ғалымдары жаңа екпе түрін еңгізді: ол сізді «қорқынышты» тіс дәрігеріне барудан сақтайды, яғни кариестің алдын алатын екпе.

Егер зерттеуге сүйенсек, кариес «Streptococcus mutans» деп аталатын микроағзалардың әсерінен туындайды. Олар сүт қышқылын бөледі. Сүт қышқылы әсерінен тісте тастар пайда болып, эмальді бұзады. Ухань вирусология  институтының зерттеушілері тәжірибе барысында кариесті туғызушы микрофлораларды жоятын екпеге қол жеткізді.  

Тәжірибе тышқандарға жүргізілді. Екпенің негізгі құрамы: гибридті нәруыз – KF-rPAc. Ол KF нәруызынан тұрады. rPAc нәруызымен бірігіп антидене түзеді. «Streptococcus mutans» сыртын қоршаған мембрананы бұзып ішке енетін нәруыздар иммундық жүйенің белсенділігін арттырады. Қазір қытай ғалымдары тәжірибені адамдарға жүргізуді жоспарлап отыр.

Кариеске қарсы екпе жасау жұмыстары 30 жылдан бері сынақтан өтіп келеді. Ғалымдар қанша уақыттан бері жұмыстанса да, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмай келді. 

Т. Есқали