Медициналық сақтандыруда табыстың қандай түрінен жарна алынбайды?

Медициналық сақтандыруда табыстың қандай түрінен жарна алынбайды?
Фото: MeteoWeb

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, адвокаттар мен жеке нотариустер өздері үшін және өз қызметкерлері үшін аударымдар мен жарналарды Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудара бастады. Қазіргі таңда қорға 2,39 миллиард теңге көлемінде жарна түсіп үлгерген. 

Міндетті медициналық сақтандыру туралы заңға сәйкес, жұмыс берушілердің ай сайын қорға аударатын жарналарының көлемі төмендегідей:

2017 жылғы 1 шілдеден бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан) 1 %;

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан) 1,5 %;

2020 жылғы 1қаңтардан бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан)  2%;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан) 3%.

Жұмыс берушінің жарна төлеу тәртібі Зейнетақы қорына жарна аудару тәртібіне ұқсас. Жұмыс беруші әр есептік айдың 15-іне дейін өз қызметкерлеріне аударылған жарна жөнінде мәлімет беруі тиіс.

Табыстың кей түрлерінен сақтандыру төлемдері мен жарналар алынбайды. Олар:

- қызмет бабындағы іс-сапарларға төленетін өтемақы және қызмет бабына қарай

- барып-келіп істейтін жұмыстар үшін төленетін жол шығыны;

- далалықта жұмыс істейтін жұмыскерлерге төленетін қосымша ақы;

- жұмыскерлерді жеткізуге, оқу мен оқу құралдарының ақысын төлеуге және бюджет есебінен алынатын өтемақыға қатысты шығындар;

- еңбек демалысына қосымша сауықтыру үшін төленетін жәрдемақы, медициналық қызмет ақысына арналған төлемдер, бала туғанда, (жақыны) қайтыс болғанда берілетін 8 төменгі айлық жалақы шеңберіндегі көмек ақша;

- шәкіртақы;

- сақтандыру сыйақысы.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 15 санаты босатылады (халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы). Бұл туралы осыған дейін жазған болатынбыз.

Ө. Сансызбай