ҚазҰУ-да «Донор күні» акциясы өтіп жатыр

ҚазҰУ-да «Донор күні» акциясы өтіп жатыр

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері қан тапсыру игілікті ісін бастап кетті. Қайырымдылық жұмыс Республикалық қан орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Тарқатып айтар болсақ, бұған дейін Биология, География, Экономика және Бизнес, Заң факультеттерінің студенттері мен магистранттары 0,45 литр мөлшерінде қан тапсырып үлгерді. Кезекке тұрушылар саны әлі де толастар емес. Донорлардың қаны ең бірінші жағдайда жол апатына түскен жандарға лезде жеткізілетін орталықта сақталады. Акцияның мақсаты лейкоз, лейкомия, аққан ауруларымен ауырған балалар мен жасөспірімдердің өмірін сақтап қалу. Қанды өз еркімен тапсырушыға 400 теңге көлемінде ақша беріледі.

Жақұбақынова Бибажар Балтабайқызы, Республикалық қан орталығының фельдшер-агитаторы:

- Жалпы бізге қоғамдық жауапкершілік мәдениеті дегенді жете түсіну керек болып тұр. Әр адам бір өмірді сақтап қала алатын мүмкіндігі бар екенін біліп, сол жауапкершілікті сезінсе екен деген ойымыз бар. Ендігі кезекте Қазақ-Британ техникалық университетінде осындай шара жүргізбек ниеттеміз. Одан кейінгі нысан Сара Алпысқызының бастамасымен ашылған «Бөбек» орталығы. Онда да өз еркімен қан тапсыратын адамдар арқылы қатерлі аурулармен ауыратын адамдарға көмек қолын созбақ ниеттеміз.  

Донордан талап етілетін міндеттер:

  1. Жас міндетті түрде 18-ден жоғары болуы керек.
  2. Жеке денсаулық кітапшасында сары ауру, бруцеллез (мальта қызбасы) ауруларымен ауырғандығы жайлы ақпарат болмауы керек.
  3. Донордың жеке құжаты. (Болмаса көшірмесі де жарамды)

 Ескерту:

а) қан тапсыру алдындағы 3 күнде донор спирттік ішімдіктер қолданбауы керек;

ә) қан тапсыру алдынлағы 1 күнде майлы, күйдірілген, ащы, сүт тағамдары және бутербродтарды пайдаланбауы тиіс;

б) қан тапсыру күнінде темекі шекпеу қажет.      

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: homeclub.kz

А. Құлтай