Жақын болашақта адамның өмір сүру ұзақтығы 50 жылға артады

Жақын болашақта адамның өмір сүру ұзақтығы 50 жылға артады
Фото: vk.com

Нидерландиялық Гронинген университеті мен Интердисциплинарлы демография институты ғалымдары 2070 жылдарға қарай барша әлем бойынша адамның өмір сүру ұзақтығы 50 жылға артады деген болжам айтты.

Мұндай болжам жасауға соңғы жылдары әлем бойынша ұзақ өмір сүрушілер саны айтарлықтай артуы басты себеп болды. Ғалымдар Жер шарының түрлі нүктесінде 100 жасқа дейін ғұмыр кешіп жатқан адам өте көп екенін айтты. Голландиялық зерттеушілердің айтуынша, шамамен 50 жылдан кейін 1,5 миллион адам 125 жасқа дейін өмір сүреді.

Осы мәселе бойынша сараптама жүргізіп отырған ғалымдар тобы 125 жасқа ең алғашқы болып жапон әйелі жетеді деп болжайды. Оған басты себеп – елдегі өмір сүру сапасы жоғары болуы. Сонымен бірге Жапонияда азық-түлік сапасы мен медициналық қызмет көрсету деңгейі де жоғары. Қазір Күншығыс елінде әлем бойынша ең жоғары өмір сүру индексі белгіленген.

Ал, АҚШ ғалымдарының айтуынша, адамның өмір сүру ұзақтығы 125 жасқа жетпей, 115 жаспен ғана шектеледі екен. Қалай болғанда да жақын болашақта адамдар бұрынғымен салыстырғанда жарты ғасырға ұзағырақ өмір сүреді.

А. Оралқызы