Күн сәулесінің денсаулыққа әсері

Күн сәулесінің денсаулыққа әсері
Фото: ru.depositphotos.com

Күн сәулесі бактерияларды құртады. Дегенмен, шамадан тыс болса, ағзаға кері әсер етеді. Күн сәулесін қабылдаудың пайдасы мен зияны туралы Ақтөбе қаласындағы №4 емхана, Жаңақоныс дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Дариға Піржанова былай дейді: 
— Күн сәулесі жер бетіне жеткенде, үшке бөлінеді: жылылық сәулесі, көзге көрінетін ақ сәуле және көзге көрінбейтін ультракүлгін сәуле. Бұлардың пайыздық қатынасы жыл мезгіліне, тәулік уақытына, географиялық орнына қарай өзгеріп отырады. Қарашадан бастап ақпан айына дейін біздің елімізде ультракүлгін сәуле жоққа жақын. Наурыз айынан бастап ол сәуле көбейе береді де, маусым, шілде айларында көбею шегіне жетеді. Одан кейін керісінше азаяды. Тәулік ішінде сағат 10.00-нан бастап сағат 13.00-ке дейін көп болады да, сағат 15.00-ден бастап азаяды. 
Күнге күю — күн сәулесінің әсерінен меленин пигменті көбейеді деген сөз. Меленин пигмент көбейгенде тері қоңыр түске «боялады». 
Гелиотерапияның (күн ваннасы) пайдасы көп. Бірақ емнің бұл түрін қабылдауға кез келген адамға рұқсат етілмейді. Көк тамыр склерозы, гипертониялық аурулармен ауыратындарға және орталық жүйке жүйесінің негізгі ауруларына шалдыққан адамдарға күнде жатуға тыйым салынады. 
Күнге күйгенде бастапқы кезде 10–15 минут, кейін қыздырыну уақытын ұзарту қажет. Бірден ұзақ қыздырынса, күн сәулесі өтіп, адамның дене қызуы көтеріледі. Басы ауырып, денесі қалтырай бастайды. Тіпті, естен тануы да мүмкін. 
Ең пайдалысы — таңертең ертемен күнге қыздырыну. Сағат күндізгі 11-12 — күн сәулесінің қызған уақыты. Кейбір адамдар күнге қыздырынғанның жөні осы екен деп тал түсте ыстық құм үстінде жатады. Бұлай істеу — өз денсаулығыңызға өзіңіз қастандық жасағанмен бірдей. Негізінен күнге қыздырынуға ең қолайлысы — таңертеңгілік сағат 9-12 арасы және кешкі 17-ден кейінгі уақыт. Бұл ереже сақталмаса, күннің зиянды әсері дерматит, есекжем, терінің қатерлі ісігі ауруларына соқ­тыруы мүмкін. Денеге сіңген ультракүлгін сәуле артқан сайын зияны да соншалықты көбейе түседі. 
Тері біркелкі күю үшін қыздырыну алдынды денеге өсімдік майын жаққан жөн. 
Негізі терінің қызарып, күюінің өзі — адам ағзасының ультракүлгін сәулесіне қарсы қорғаныс реакциясы. Егер сіздің теріңіз фитотиптердің бірінші не екінші түріне жатса (фитотипке жататындар: аққұба адамдар, секпілге бейім тері), онда сіз күннен қорғану керек адамдардың бірден-бірісіз. Мұндай тері иелері меланомаға — тері рагына шалдығулары мүмкін. Сондықтан, сақ болыңыз! 
Күн сәулесі — бактерияларды құртады. Тері күнге неғұрлым күйген сайын, бактерияларды жоятын қуат соғұрлым көбейе түседі. 
Ультракүлгін сәуленің әсерінен тері тез қызарып, терінің зат алмасуы, қан айналысы жақсарады. Терідегі минерал заттарының алмасуын қалыптастыратын «Д» дәрумені көбейеді. Сондай-ақ күнге күю әр түрлі тері ауруларын (терлегіштік, безеу тағы басқа) емдеуге пайдалы. Сәуледегі Д витамині сынғыш, әлсіз сүйектің жетілуіне, қатаюына, өзіне қажетті дәруменді сіңіруіне сеп болады. Сонымен бірге «Д» дәрумені тіс, тырнақ, шашқа ең қажетті кальцийді алмастыруға көмектеседі. Ал ең бастысы, күн сәулесі терінің саңырауқұлақты ауруларының микробтарын жоюға қабілетті. 
Қысқасы, күн сәулесін дұрыс қолданса, оның адам ағзасына пайдасы жетерлік. Бірақ қай нәрсені болса да шамадан тыс көп пайдаланғанда зияны болатынын есте ұстауымыз керек. 
АПТАП ЫСТЫҚТАН АБАЙЛАҢЫЗ 

Күн ыстық. Аптап ыстық денсаулыққа зиян. Ауа температурасы күрт көтілгенде қалай сақтану керек? Әсіресе, қандай сырқаттармен ауыратын науқастардың абай болғаны жөн? Бұл туралы облыстық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Хикметолла Кәрімов былай дейді: 
— Күн шуағының көмегімен адам өзінің өмірін ұзартып, денсаулығын шыңдай алады. Дегенмен, қазіргідей аптап ыстықтың адам ағзасына зияны көп. Мысалы, ыстықта адамнан көп тері бөлінеді. Ал тері көбірек бөлінсе, ағза кальций, магний, натрий, калий секілді минералды заттардан айырылады. Мұның салдарынан жүрек бұлшық еті әлсірейді. Жүрек тез қағады. Сөйтіп, адам тез шаршайды. Бұл түрлі аурулардың пайда болу қаупін туғызады. 
Сондықтан, әсіресе, жасы үлкен адамдар дәрігерлерге жиі барып, тексерілгені жөн. Сонымен қатар жүрек аурулары мен қалқанша без ауруларына шалдыққандар абай болғаны дұрыс. Ыстықта гипертониялық және жүрегінің ишемиясы бар адамдарда жүрек ұстап қалу қаупі бар. Қан қысымы төмен адамдарда әлсіздік пайда болады. 
Аптап ыстықтың салдарынан кейбір адамдардың іші өтіп, басы айналады. Тіпті, ыстық күнде де тұмау тиеді. 
Ыстық күнде дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Әсіресе, көкөністер мен сүт тағамдарын көбірек пайдаланған жөн. Тұзды тағамдарды көп пайдаланбау керек. 
Дегенмен, ас дайындау кезінде тағамның дәмін келтіретін қоспаларды, қышқылдарды көп қолдану қажет. Себебі қышқыл тағамдар адамның тәбетін арттырады. Ең бастысы, құнарлы тамақтану — дененің қарсылық қуатын күшейтіп, ыстық өтуден сақтайды. 
Ыстық күндері таңертең әдетте асқа тәбет болмайды. Сол себепті ағзаны қинап ішудің қажеті жоқ. Бірақ міндетті түрде бір стакан су ішкен дұрыс. 
Қан тамырлары ауыратын адамдар суық суға түсерде абай болғаны жөн. Егер ауа температурасы мен су температурасының айырмашылығы 10 градустан асса, онда жүрек ұстап қалуы әбден мүмкін. 

ЖАРАҚАТ ЖӘНЕ УЛАНУ 

Ауру уақыт, мезгіл таңдамайды. Науқастардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Дегенмен, жаз мезгілінде әсіресе, балалардың арасында тұрмыстық жарақаттар көбірек болады екен. Велосипед, ролик теуіп жүріп құлап, жарақат алады. Балалардың терезеден құлап, мертігетін жағдайлар да осы жаз айларында кездеседі. Тіпті, осы мезгілде сірке су ішіп, уланатындар да тіркеледі екен. Бұл жөнінде облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Нұрбек Нұрғалиев былай дейді: 
— Жазда балалар көбіне велосипед, ролик тебеді. Байқаусызда құлап, түрлі жарақаттар алады. Сонымен қатар терезеден құлайтындар да көп кездеседі. Қазір қаладағы үйлердің көпшілігінде пластикалық терезелер орнатылған. Ондағы масадан, түрлі жәндіктердің кіріп кетуінен сақтайтын торлар көп жағдайда қайғылы жағдайға душар етіп жатады. 
Терезеден көбіне 1-5 жастағы балалар құлайды. Оларға қолданылатын ем күрделі болады. 
Балалардың шәйнектегі суға, қазандағы сорпаға күйіп қалатын жағдайлар да кездеседі. Біздің ауруханаға жақында сірке су ішіп, уланып қалған бала түсті. Жаз мезгілінде тосап қайнатып, көкөністерді тұздау басалады. Әрине, оны дайындау үшін сірке суы пайдалынатыны белгілі. Кейбір ата-аналар сірке суын баланың қолы жететін жерге қоя салады. Соның салдарынан бала уланып қалады. Көбіне балалар сірке суын су деп ойлап, байқамай ішеді. Сірке суын ішкеннің кесірінен адамның өңеші күйеді. Мұндай жағдайда ем 1 жылға дейін жалғасады. 
Ауру дұрыс жуылмаған көкөністен де болады. Салқын су ішіп, балмұздақ жегеннен ангина, тонзиллит шығады. Дене қызуы көтеріледі. 
Жас балалар жазда көбіне далада ойнайды, оның денесінің өсіп жетілуі де тез болады. Жазғытұрым туған бала мешелмен ауырмайды. Мұның бәрі күн сәулесінің пайдасын дәлелдейді. Баланың бойы да жаз айларында көбірек өседі. 
Ал күн сәулесінің зияны — баланың ағзасына күн өтеді. 
Ультракүлгін сәуле баланың денсаулығын күшейтіп, шынықтырады. Сол сәуленің нәтижесінде өсіп келе жатқан баланың денесіне өте қажетті фосфор мен кальций минералдары сіңеді. Ал бұл минералдар — бала сүйегінің негізгі құрамы. Бұл минералдар жетпеген жағдайда мешел ауруына шалдығады. 
Жас баланы күннің көзіне сағат 10-12-нің аралығында шығару керек. Далаға шығаруды алғашқыда сәуірден қыркүйектің аяғына дейінгі аралықта күн сайын 5 минуттан қосып отырған жөн. Ал қазаннан наурыздың аяғына дейінгі аралықта күн сайын 2 минуттан ұзарту керек. Күн сайын осындай мөлшерде көбейте отырып, 2-3 сағатқа жеткізу қажет. 

Біле жүріңіз! 

*** Салқын сусындарды көп ішпеу керек. Әсіресе, ауыр дене еңбегінен немесе дене шынықтырудан кейін салқын су ішу — асқазан кілегей қабығын тітіркендіріп, ас қорыту бұзылады. Кей жағдайда іш өтіп, асқазан ауырады. 
*** Кірпіш, цемент едендердің үстіне ұйықтамау қажет. Себебі мұндай кезде ағзаға суық тез өтеді. Осының салдарынан буын қабынады. 
*** Тамақтан соң бірден суға жүзу де ас қорыту жүйесінің қызметін бұзады. Сонымен қатар дене суға тигеннен кейін тітіркенудің салдарынан асқазанның тамырлары жиырылып, асқазан түйілу, лоқсу, ас қорытудың бұзылуы секілді аурулар пайда болады. 
*** Суық, сызды жерлерді баспау керек. Сондай-ақ дымқыл орамалдарды ұзақ уақыт пайдалануға да болмайды. Себебі, табаннан өткен суықтың тітіркендіруі бастың бұлшық етін жиырып, қан тамырларын тарылтады, мида уақытша қан жетіспей қалады. Бас ауырады.

www.aktobegazeti.kz

М. Ақан