Музыка - дауа

Музыка - дауа

Классикалық музыка ми жұмысын жақсартып, кейбір аурулардың өтуін тездетеді. Бұл шешімге итальяндық ғалымдар келді. 

Олар "Вивальди эффектісі" деп аталатын феноменді ашты. Ғалымдардың айтуынша, оның танымал "Жыл мезгілдері" концерттер топтамасын күнделікті тыңдау адам миының жұмысын әлдеқайда жақсартады-мыс.

Ғалымдардың зерттеулері былай өткен. 24 кісіге белгілі бір ретпен орналасқан сандарды еске сақтау ұсынылды. Осы кезде Антонио Вивальдидің музыкасын тыңдағандар сандарды еш қиындықсыз есте сақтап, қайта айта алды.

Классикалық музыка адам миының кейбір жерлеріне әсер етіп, ес қасиетін қоздырады екен. Қысқа мерзімге болса да, адамның ойлау, еске сақтау қабілеттері айтарлықтай жақсарады.

Айта кетсек, ғылымда "Моцарт эффектісі" деп аталатын феномен бар. Кішкентай балалардың әйгілі композитор туындыларын тыңдау барысында интеллектуалды жағынан тезірек дамитыны дәлелденген.

Музыканың бұндай әсері бұрын да байқалған екен. Мысалы, Чайковский музыкасын тыңдаған сиырлардың сүті көбейетіні кеңес заманында-ақ байқалған екен.

Зерттеуге қатысқан адамдар алдын ала медициналық сараптамадан өткен. Кейін бірнеше апта түрлі музыканы тыңдаған олар зерттеуден қайта өтті. Әрине ең пайдалы музыка түрлері классикалық музыка мен жергілікті фольклор болды. Сондай-ақ өзіне ұнайтын, сүйікті жанрлардағы музыкасын тыңдайтындардың қан айналымы 25%-ға жақсарды. 

Ғалымдар классик-композиторлар арасынан Моцарт, Вивальди, Бетховен, Дебюсси, Рахманиновты таңдауға кеңес береді. Әдетте ұйықтар алдында тыңдаған музыка ерекше әсерлі болады.

Осылайша Вивальди эффектісі термині енгізілді. Ғалымдарға сенсек, Вивальди музыкасы физикалық аурулар кезінде адамның сауығуын 2 есеге тездетеді. 

Қазірде ғалымдар осы бағытта зерттеулерін жалғастыруда. Кім біледі, мүмкін бірнеше жылдан кейін дәрінің орнына кезекті соната тыңдайтын болармыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: belcanto.ru

С. А