Жаз мезгілінде миға қуат берейік

Жаз мезгілінде миға қуат берейік
Фото: wallpapercave.com

Күн ыстықта жұмыс істеу әсте қиын. Әлсіздік пайда болады әрі ми жұмыс істеу қабілетін бәсеңдетеді. Оған қоса, жаз десе, демалыс уақыты еске түсе ме, әйтеуір бұрынғы қалпына келе алмай біраз жүреді. Осы уақытта мидың қызметін кей азық-түлік реттей алады. Бұл азықтарды тек жұмыс күндері ғана емес, демалыс күндері де рационға қосып тұру керек.

БАСЫ

Інжір

Бұл жеміс тәтті ғана емес, пайдалы. Оның құрамындағы калий гипертония ауруының алдын алады. Ми жасушасындағы жүйке серпінінің тасымалын жақсартады. Інжір құрамындағы В6 дәрумені ми қызметі үшін маңызды. Адамның көңіл-күйіне жауап беретін дофамин және серотонин секілді гормондардың бөлінуіне септігін тигізеді.

Қара жидек

Қара жидек  көзге өте пайдалы. Оған қоса, жаз кезінде мидың жұмыс жасау қабілетін арттырады. Әсіресе, Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алады. Адамның жасы келгенде, зейіні төмендейтіні белгілі. Қара жидек осы кезде мейлінше септігін тигізеді. Оның құрамындағы флавоноидтар есте сақтау қабілетін арттырады. Егер жиі жеп тұрсаңыз, логикалық, математикалық есептеулерді де оңай шеше аласыз. Таңғы асқа желінген бір кесе қара жидек күні бойы мидың жақсы жұмыс жасауын қадағалап отырады.

Шоколад

Ол – миға қуат беретін маңызды тағам. Әсіресе, күйзеліс кезінде қара шоколад жесеңіз, тыныштық сыйлайды. Бұл – бір. Екіншіден, тәтті. Демек, құрамында глюкоза көп, глюкоза мидың жақсы жұмыс жасауына септігін тигізеді. The Journal of Proteome Research журналының жүргізген сараптамасында тәжірибеге қатысқан адамдар екі апта ішінде, таңертең және кешке 40 г қара шоколадтан жеп жүрген. Кейін олардың ағзасындағы кортизол – күйзеліс гормонының төмендегенін байқаған. Сонымен қатар, шоколад эндорфин, серотонин секілді позитивті көңіл-күй гармонының бөлінуіне себепші болады екен.

Гиппократ «Ми сау және күйзелістен алшақ болғанда ғана адам дұрыс ойлайды» деген. Мидың дұрыс жұмыс жасауы – сіздің қолыңызда.

Г. Берік