Кептірілген жемістің денсаулыққа пайдасы

Кептірілген жемістің денсаулыққа пайдасы
Фото: www.fonstola.ru

Кептірілген жеміс-жидек ежелгі Қытай елінде тас ғасырынан бері үйлену тойына берілетін зат ретінде танылған. Орта ғасырда кептірілген жемістер жеңсік ас (деликатес) саналған. Қазіргі таңда мұндай өнім түрі тағамға қосуға, сусын дайындауға және басқа да қолданыстағы азық. Назарларыңызға кептірілген жеміс-жидектердің денсаулыққа пайдасын ұсынамыз.

Кептірілген жемістердің ең басты құндылығы – ағзаға қажетті минералды заттарға бай. құрамында май жоқ. Бұл жемістің балғын жеміс-жидектерден айырмашылығы – сусыз болуы. Алайда кептіру кезінде пайдалы дәрумендер мен минералды заттардың жартысы жоғалады. Ал қалған микроэлементтер – натрий, магний, калий, кальций, темір және пектин мен жаснұқтар сақталады. Сонымен қатар, жемістердің құрамында 20% шырын қалдырылғаны пайдалы. Жемістің мұндай түрі күн көзінде немесе арнайы орындарда кептіріліп, дайындалады.

Кептірілген жеміс-жидектердің құрамындағы пайдалы элементтер қан қысымын қалпына келтіріп, шаштың түсуін тоқтатады. Сонымен қатар, тырнақты қатайтады, жүрек жұмысын жақсартып, жүйкені тыныштандырады және ағзадағы артық суды шығарады. Одан өзге қандағы гемоглобинді бір қалыпта ұстап, барлық клеткаларды оттекпен қоректендіреді. Асқазан және ішек жұмыстарын бір қалыпқа түсіреді.

Кептірілген жемістер — тәттісіз өмір сүре алмайтындар үшін таптырмайтын азық. Жемістің бұл түрінде сахароза, фруктоза, глюкоза көп болғанымен, калориясы екі есе аз. Олар ағзаға тез сіңіп кетпей, аз мөлшерде еріп түседі де, басқа тәттілермен салыстырғанда, қандағы инсулинді көтермей бір қалыпта ұстайды.

Кептірілген алмұрт. Жемістің құрамында биологиялық белсенділігі өте күшті заттар иммунитетті көтеріп, ағзадағы зиянды токсиндерді шығарады. 100 гр кептірілген алмұрт құрамында 2,3 гр ақуыз, 62,12 гр көмірсу, 257 ккал бар.

Кептірілген банан. Жемістің бұл түрінде қанттың құрамы өте көп. Сондықтан ол адамға қуатты мол береді. 100 гр кептірілген банан құрамында 4,5 гр ақуыз, 54,6 гр көмірсу, 295 ккал бар.

Ананас. Оның құрамында дәрумендер өте көп. Әсіресе А, С, көмірсу, жаснұқ, магний, йод және беромелин ферментіне өте бай. Осы элементтердің арқасында асқорытуды жақсартады. 100 гр кептірілген түрінде 0,8 гр ақуыз, 82,6 гр көмірсу, 339 ккал болады.

Кептірілген манго. Бұл жеміс ағзаны қажетті барлық минералдармен қоректендіріп, қандағы қант құрамын төмендетеді. Теріні жасартатын қасиеті де бар. 100 грамда 9,5 гр ақуыз, 57,6 гр көмірсу, 640 ккал болады.

Кептірілген інжір. Жемістің құрамындағы ерекше ферменттер ас қорытуды жақсартып, ағзаны темірге байытады. Ал басқа жемістермен салыстырғанда калийге өте бай. 100 гр кептірілген інжірде 4,5 гр ақуыз, 54, 6 гр көмірсу, 298 ккал болады.

Н. Үсенова