Медициналық банкінің пайдасы

Медициналық банкінің пайдасы
Фото: www.medpulse.ru

Медициналық банкі — қыша қағазы сияқты тканьдар мен ағзаның қанайналымын жақсарту үшін ерте кезден қолданып келе жатқан тиімді құрал. Әдетте бұл емді дәрігерлер түрлі өкпе, көкірек бездерінің қабынуына, қабырға аралық невралгияға, бел құяңына, бұлшық еттің өткір және созылмалы қабынуын емдеуге, сонымен қатар, неврологиялық ауруларға ауруды басатын құрал ретінде ұсынады. Назарларыңызға банкінің дұрыс қолдану тәсілі мен емдік қасиеттерін ұсынамыз.

Медициналық банкі қолдану тәсілі

Алдымен таза орамалға немесе дәкеге барлық керекті затты, яғни алдын ала жуылып кептірілген банкілерді, медициналық спиртті, қыстырғыш пен мақта, сіріңке немесе оттықты, вазелинді дайындап алыңыз. Егер сіз шыны ыдыстарды қолданатын болсаңыз, онда міндетті түрде банкінің шетін қолыңызбен тексеріп шығыңыз. Сынған, шытынаған ақауын байқасаңыз, банкі қолдануға жарамайды. Медициналық шыны банкілерге қарағанда, көп қолдануға жарайтын пневматикалық банкілерді қолданған тиімді. Олар полиметрлік материалдардан дайындалатын болғандықтан, өте ыңғайы. Бір жақтама әрекет ететін клапаны вакуумды қабылдауға әсер етеді. Әдетте шыны банкілерге қарағанда бұл банкілер қауіпсіз.

Банкінің қою ережесі

Банкіні қояр алдында науқас адамның терісі күйіп қалмау үшін вазелин жағыңыз. Мақтаны спиртке малып, от жағыңыз. Қыстырғышты оң қолыңызға, банкіні сол қолыңызға ұстап, жанып тұрған отта 2 секунд қана ұстаңыз да, денеге жабыстырыңыз. Егер әрекетіңіз дұрыс болса, банкі науқастың денесіне жабысып, 1-2 см теріні сорып қызартады.

Банкіні қойып болған соң, науқасты көрпеге орап 15 минут жатқызу керек. Сосын банкіні бір қолмен қисайтып, екінші қолмен абайлап теріні басып тұрып алу керек.

Денеге сіңбей қалған вазелинді жұмсақ орамалмен немесе майлықпен ысқылап, теріні тексеріп шығыңыз. Кейде теріде күлгін түсті дақтар қалып қояды. Алайда мұның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Науқасты барынша жылы орап, жарты сағаттай төсекте жатқызады.

Медициналық банкімен массаж жасаңыз

Науқас еркін ішімен жатады немесе отырады. Денені массажға арналған арнайы иіс май, вазелин немесе стерилденген өсімдік майымен уқалайды. Массаж бағыты бойынша банкіні жылжытады.

Денеге тұз жиналғанда белден мойынға дейін уқалау керек. Массажды омыртқа сүйектерінен 2-3 см алыстау жасаған дұрыс. Банкіні түзу жылжытқанда тері жиырылу керек.

Мойынға тұз жиналғанда банкіні мойын омыртқасына көлденең қозғалтады. Массаж жасағанда жетінші мойын омыртқаға сақ болған дұрыс. Осылай бір-бір жарым минут уқалаңыз. Одан кейін бастан иыққа дейінгі бұлшық етті уқалау керек.

Суық тиіп ауырғанда

Бронх қабынғанда, өкпе қабынғанда арқаны жауырынның төменгі жағынан бастап иыққа дейін, көкірек клеткаларының бүйірін, көкіректің семсер тәрізді өсігін солдан оң иыққа қарай уқалайды. Банкімен жасалған массаждың әсерінен қақырық кетеді, тыныс алу жақсарады, дененің қызуы төмендейді. Ем аяқталған соң науқасты жылы көрпемен орап, лимон немесе таңқурай қосылған шай беру керек.

Адам денесінде банкі қоюға болмайтын жағдайлар

Медициналық банкіні көкірек бездеріне, омыртқаның үстіне, жауырынға, буындарға және жүректің тұсына қоюға болмайды. Банкіні қыздыру барысында өте сақ болыңыз. Денеге байқаусызда түскен жанып тұрған бір тамшы спирттің өзі науқас терісін қатты күйдіруі мүмкін. Сонымен қатар, емді қабылдау уақытына да аса мән берген дұрыс. Банкіні ұзақ ұстау қанның ұюына, терінің тітіркенуіне, теріде көпіршіктер пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Өкпеден қан кеткенде, өкпе құртына шалдыққандарға, қатерлі ісікке, терінің зақымдануы мен тері ауруларына банкі қоюға болмайды.

Н. Үсенова