Чипсы менен крекерге әуес болма, балақай!

Чипсы менен крекерге әуес болма, балақай!
Фото: yarbula.ru

Балалар мен жасөспірімдерге снектер, әсіресе, чипсылар, кепкен нандар және крекерлер сияқты тіске басарлар ұнайды. Оларды жегенде сықырлап, еліктіргіш дәмімен көңіл күйді жақсартқандай әсер береді. Бірақ, оның денсаулыққа өте зиян екендігін медициналық зерттеулер дәлелдеді. Олар неге қауіпті? Оларды қолдан әзірлеуге бола ма? Міне, осы сауалдар төңірегінде Қазақ тағамтану академиясының қызметкері Гаухар ДАТХАБАЕВА мен Ұлттық салауатты тағамтану орталығының маманы Мұрат ДОСЫБАЕВ әңгімелеп берген еді.

Алдамшы дәмдеуіштер

Чипсылар және кепкен нандардың дәмі тіл үйіреді. Бірақ, олардың құрамында шын мәнінде қызыл балық, пияз, қаймақ немесе ірімшік бар екен деп сеніп қалмаңдар. Оның бәрі жасанды химиялық қоспалар ғана. Жасанды дәмдеуіштер аллергия, өкпе және асқазан-ішек жолдарының түрлі ауруларының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Көптеген снектердің құрамына дәмді күшейтетін химиялық натрий глутаматы қосылады. Ол кез келген тағамға қажетті дәм бере алады. Ол ми мен ас қорыту жүйесі арасындағы ақпарат алмасу жұмысын бұзады. Ағзаға кері әсерін тигізеді (жүйке тіндерін қоздырады). Ал натрий глутаматы осы тағамға тәуелділікті арттырып, снектерді хош иістендіреді. Міне, соның әсерінен оны қайта-қайта жегің келе беретін күйге ұшыратады.

Зиянды калориялар

Снектерді дайындауда арзан майларды, маргариндерді, тұзды консерванттарды (тағамның тез бұзылмай сақталуына қажетті химиялық заттар) қолданады. Бірақ та, біздің ішегімізде ас қорытуға қажетті, пайдалы бактериялар өмір сүреді. Олар ішектің дұрыс жұмыс жасауына, күрделі тағамдық компоненттердің қорытылуына, ыдырауына және В тобының дәрумендерін синтездеуге көмектеседі. Ал консерванттар оған кедергі жасауы мүмкін.
Сонымен бірге, снектер жоғары калориялы өнім. Жоғары калориялы тағамдар аз қозғалатын адамдар үшін өте қауіпті. Өйткені, тағамдағы калория жоғары болса, адам оның бәрін жұмсай алмайды. Мысалы, 100 грамм чипсыда 500 ккал бар. Мұнша қуаттылық 50 минут бойы секіргенге немесе 2 сағат тез жүріспен жүргенде ғана қажет.

Чипсыларды өзіміз қалай дайындасақ болады?

Пештегі картоп чипсылары. Пешті алдын ала 200 градусқа дейін қыздыру керек. Жұқалап туралған картопты арнайы ыдысына жайып, тұз себеді. Қызған пешке қойып піскенше 20-30 минут күтеміз.
Жидек чипсылары. Кез келген жидекті жуып, кішкентай бөліктерге жұқалап бөліп, арнайы ыдысына жайып 50-60 градус қыздырылған пешке саламыз. Піскен соң жидекті қытырлақ (сынғыш) болғанша кептіреміз.

Кептірілген нан. Нанды кішкентай бөліктерге төртбұрышты етіп тураймыз. Арнайы ыдысқа жайып салып, қызып тұрған пешке қоямыз. Түсінің қызарғанына дейін ұстап, күйіп кетпеуін қадағалаймыз.

Сарымсақ қосылған кепкен нан. Бөлке нанның жартысын төртбұрышты етіп кішкентай бөліктерге тураймыз. Табаға зәйтүн майын (5 ас қасық) қыздырып, ұсақталған 6 сарымсақ бөлігін саламыз. Сосын 1 чили ащы бұрышын және туралған нанды саламыз. Қызарғанша қуырып, артық майын сорып алу үшін қағаз бетіне саламыз.

Көк-сөк дәмі бар кепкен нан. Көк шөпті майдалап тураймыз. Оған бірнеше қасық зәйтүн майын қосамыз. Осы қосындыны туралған нанға жағамыз. Одан соң оны тағы ұсақтап турап, қыздырылған пеште кептіреміз.

Дерек көзі: zhasorken.kz

B. ZHAQSYMBET