Арқаңыз ауыра ма? Сөмкеңіздің салмағы қанша?

Арқаңыз ауыра ма? Сөмкеңіздің салмағы қанша?
Фото: vseodetyah.com

Егер сөмкеңізге кішігірім кеңсе, тасымалды дәріхана, кітапхана, сән салоны және аздаған дәмхана сыйып кететін болса, арқаңыз ауыратынына таңғалмаймыз.

Әйелдерге ауыр көтеруге болмайтынын барлығымыз білеміз. Бірақ сол «ауыр» сөзін естігенде, жол сандық, бір қап картоп немесе бес жастан асқан баланы көтеруге болмайды деп ойлаймыз. Ал күнде иығына асып жүретін әйелдер сөмкесінің салмағы қанша және оның денсаулыққа зияны бар ма?

Өкінішке орай, қыздардың көбісі денсаулыққа зақым келген соң ғана дәрігерге қаралып жатады. Ол кезде міндетті түрде емделу керек болады. Сондай келеңсіздікке тап болмай, ауру алдын алудың жеңіл жолдары бар. Біріншіден, арқаға қосымша күш түсірмейтін дұрыс сөмке үлгісін таңдау. Екіншіден, сөмкеңіздегі артық заттардан арылу.

Егер сіз уақыт бөліп, сөмкеңіздің ішін реттесеңіз, өзіңіз күтпеген тосынсыйлар шығады. Мысалы: қатып қалған кәмпиттер, ескі чектер, телефон қуаттағышы, суы бар ыдыс және т.б. Орташа сөмкенің салмағы 3 килограмды құрайды. Бұл  ауыр жүк. Арқаңыз ауырмас үшін ең маңызды ережені ұмытпаңыз: аптасына бір рет сөмкеңіздің ішін реттеп, артығынан құтылыңыз.

Сөмкені дұрыс аспау

Сөмкенің ұстағышы қысқа болса, жүк ауыр бола түседі. Ұстағышы қысқа сөмкені иығыңызға асып жүргенде қолыңыз еркін қозғалмайды. Сондықтан әрқашан сөмкені қолтыққа қысуға немесе бір жақ иықты көтеріп жүруге тура келеді. Нәтижесінде арқа, мойын, бел және кейде бас ауруына да әкеледі. Егер сөмкенің ұстағышы ұзартылып реттелетін болса, сөмке беліңіздің тұсында тұратындай ұстағышын ұзартыңыз. Ұзартуға келмесе, сөмкені иыққа аспай, қолыңызда немесе шынтақ бүгілісінде ұстаған жөн.

Сөмкенің бауы өте жіңішке

Егер сөмкені иықтан алғанда, теріңізде қызыл із қалып қойса, бұл сөмке бауының ені жеткіліксіздігін көрсетеді. Оның салдарынан иық бұлшық еттерінің құрысуы пайда болады. Сөмкенің бауы иыққа ұзақ уақыт қысым түсірсе, қан айналым бұзылып, қолыңыз ауыра бастайды. Жағымсыз сезімнен құтылу үшін сөмке бауының ені 3-4 см кем болмағаны жөн.

Сөмкені бір иықта асу

Сөмкені бір жақ иыққа ғана асу бұлшық еттерге ауыр жүк түсіреді. Оның салдарынан бір иығыңыз екіншісінен биік болады. Арқаңыздың ауырғаны күшейіп, түрлі ауруға әкеп соғады. Сондықтан сөмкені екі иыққа ауыстырып ұстауға тырысыңыз.

А. Жапатова