Балалардың дұрыс тамақтануы

Балалардың дұрыс тамақтануы
Фото: www.aif.

Тамақтану әдеті бала кезден қалыптасқандықтан қисынсыз дағдылар өмір бойы сақталып, баланың ағзасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан бір жарым жастағы баланың 5 уақыт тамақтануын 4-ке азайтып үйрету қажет. Сүт, жарма, ұн өнімдері, көкөніс, жеміс-жидектермен қоса ет және балықтан жасалған тағамдар баланың күнделікті ас үлесінде болуы шарт. Ал ет өнімдерінен сиыр, тауық, үй қоянының еті және майы жоқ қой етін берген жақсы. 

Ірімшік пен қаймақты бір жарым жастан беру керек. Қақталған, сүрленген шұжық өнімдерін 2 жасқа дейін жегізбеген жөн. Сонымен қатар қаз бен үйрек етін 3 жасқа дейін балаңыздың ас мәзіріне қоспаңыз.

Аздап қуырылған тағамды 1 жасқа толған балаға беруге болады. Ал 3 жастан кейін толық қызартып қуырған тағамды берсеңіз болады. 1 жастан кейін езілген тамақтың орнына ұсақтап туралған тағамға көшкен абзал. Бала 3 жасқа толғанда жанұясымен бірге дастархан басында тамақтануы тиіс. Естеріңізде болсын: баланы ешқашан тойдырып тамақтандырмау керек.

Балаңыздың дене дамуына басты назар аударыңыз және оның бойы мен салмағына қалыпты жағдайдан ауытқымауын бақылаңыз. Қыз балалардың рационында эритроциттерді қалыптастыруға көмек беретін, құрамында темірі бар тағамдар болуы тиіс. Ал ұл балаларға цинк және Е витаминіне бай тағамдар көбірек қажет.

Тәтті тағамдар – балалардың артық салмақ қосуына бірден бір себеп. Сонымен қатар тәтті тіс шірігіне әкеп соқтыратынын естен шығармағаныңыз жөн. Қантты артық тұтыну баланың тәбетін жойып, қоректік заттарды бойға сіңіруге қолайсыз жағдай тудырады. Негізінде тамақтану әдеті ата-анаға тікелей байланысты. 

Дереккөз: anabol 

С. Ерсін