Қазақстанда жыл сайын 1,5 миллион адам асқазан-ішек ауруына шалдығады

Қазақстанда жыл сайын 1,5 миллион адам асқазан-ішек ауруына шалдығады
Фото: mzsr.gov

Қазақстанда жыл сайын 1,5 млн адам асқазан-ішек ауруларына тап болады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Орталық Азия гастроэнтеролгия апталығы -2015» конгресі барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас гепатологы Күлпәш Қалиасқарова мәлімдеді.

Конгресс барысында асқазан-ішек жолдары ауруларын, бауыр дерттерін емдеудің озық тәжірибелері жинақталып жарияланды. Әлемнің 24 елінен келген 95 лектор өз елдеріндегі емдеу жүйесінің үздік жетістіктерін айтты.

«2015 жылдың басында асқазан-ішек жолдары ауруларымен ауыратын 1,5 млн адам тіркелді. Жылдан жылға бұл көрсеткіш артып келеді. Асқазан ауруларының қозуына күйзеліс, уақтылы тамақтанбау, фаст-фудпен қоректену әсер етеді. Сондай-ақ, қосымша дәрі ішу, биологиялық белсенді заттарды пайдалану бауыр ауруының қозуына әкеледі. Жыл сайын Қазақстанда бауыр циррозімен ауыратын науқастарды вирусқа қарсы препараттармен қамту үшін 4 млрд теңге бөлінеді», — деді ол.

Мамандардың айтуынша, гастроэнтерология саласында жыл сайын түрлі ғылыми ашылу болып тұрады. Ашылған жаңалықтардың 20 пайызы жыл сайын жаңарады.

«Сондықтан, мұндай конференцияларды өткізу өте маңызды. Біздің қазіргі пайдаланып отырған препараттарымыз бір жылдан кейін ескіріп қалуы мүмкін. Сондықтан, тиімді дәрі-дәрмекті пайдаланып, халыққа жеткізуіміз керек», - деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Александр Нерсесов.

Дереккөз: kazinform

С. Ерсін