Күш-қуатыңыз қайда кетіп жатыр?

Күш-қуатыңыз қайда кетіп жатыр?
Фото: www.youtube.com

Ауыр ештеңе істемесеңіз де, күшіңіздің қайда кеткенін білмей басыңыз қатқан кездер болған шығар. Деніңіз сау әрі бақытты болғыңыз келсе, тек қана физикалық жаттығулар жасау аздық етеді. Ол үшін ішкі жан дүниеңіз де дұрыс болу керек. Шығыс медицинасы рухани жұтаңдаушылық пен азғындау жағдайында адамдар түрлі ауруға шалдығатынын жасырмайды. Сіздің күш-жігеріңізді алып, әлсіздендіретін төмендегі сегіз ережемен таныс болыңыздар.

1. Аяғына дейін бітірмеген ісіңіз

Егер бір істі бастап, соңына дейін бітірмесеңіз, күш-қуатыңыздың қайда кеткенін білмей, дел-сал күй кешесіз. Айтылған нәрсені, жүктелген тапсырманы уақытында орындауға тырысыңыз. Ал егер қолыңыздан келмесе, уақытыңыз болмаса, босқа әуреге салынбай-ақ қойыңыз.

2. Өтірік

Адамдар жалған сөйлеген кезде көп энергиясынан айрылады. Себебі оны ойдан құрастыру оңай шаруа емес. Сондықтан өзіңізді де, өзгені де алдап, күш-жігеріңізді құртпаңыз.

3. Қорқыныш, сенімсіздік, өшпенділік

Қорқыныш пен сенімсіздік кезінде күшіңіз тез жойылады. Өйткені ағзаңызға күйзелісті бастан кешіру қиынға соғады.

4. Әртүрлі нәрсені ойлап уайымдасаңыз

Егер сіз күні бойы бір нәрсеге алаңдап, уайымдап жүрсеңіз, күш-қайратыңыз қалмайды. Түкке тұрғысыз затты ойлап, өз-өзіңізді жегідей жей бермеңіз.

5. Бос әңгіме кезінде

Әшейін дәмсіз, мәнсіз әңгіменің өзіне қаншама күшіңізді жұмсайсыз. Оны үндемей жүргеннен кейін сезінесіз.

6. Реніш, өкпе

Әр адам – ашық энергетикалық жүйе. Егер әркім біреуге ренжіп, өкпелей берсе, онда әлсіздене береді. Сол себепті тума-туыс, ағайын-бауыр, достарыңызға ешқашан өкпелемей, керісінше күшті қарым-қатынаста болыңыз.

7. Ұйқының жетіспеуі

Егер ұйқыңыз қанбаса, көңіл-күйіңіз болмай, күні бойы мазаңыз кетіп, маужырап жүресіз. Ең әуелі ұйқыны ретке келтіргеніңіз жөн.

8. Артық тамақ жеу және зиянды әдеттер

Тамақты қомағайланып жегеннің кесірінен ағзаңыз түрлі ауруға шалдығып, дәрменсіз күйде боласыз. Сондықтан зиянды әдеттерді қойып, уақытымен, мөлшерімен тамақтанғаныңыз дұрыс.

Ж. Исакаев