Масадан құтылудың жолдары

Масадан құтылудың жолдары
Фото: ianimal.ru

Жаздың күні масалар маза бермей, керемет демалыстың шырқын бұзады. Алайда оған бола көңіл-күйіңізді түсірудің қажеті жоқ. Себебі бүгін біз сіздерге бұл кішкентай "қанішерлерден" құтылудың оңай жолдарын ұсынамыз.

1. Хош иісті май

Қан соратын бунақденелілермен белсенді күресетін эфир майының түрлері: лаванда, валериана, эвкалипт, қазтамақ, анис, жебіршөп, жалбыз, шай ағашы, камфоралы лавр, балқарағай. Аталған майлардың біреуін өзіңіздің иіс майыңызбен араластырып, теріңізге жағыңыз. 

2. Бөлме өсімдіктері

Жалбыз, мирт, гүлшетен, қазтамақ секілді бөлме өсімдіктері өзіндік хош иісімен масаларды улайды. Сонымен қатар қызанақ жапырағы да олардың алдын алуға көмектеседі.

3. Қалампыр қадалған лимон

Лимонды кесіп, ортасына қалампыр қадап қойыңыз. Бұл қосындының қош иісінен сізге ешқандай маса жоламайды. Терезеңізді ашып, тамаша ауамен демалып, алаңсыз ұйықтай берсеңіз болады.

4. Қылқан бүршігі мен арша

Табиғат аясында сізді масалардан қылқан бүршігі мен арша құтқарады. Оларды жанып жатқан отқа салсаңыз болғаны, масалар өздері иісіне шыдамай, кетіп қалады. 

5. Мойыл мен шетен

Егер далада жүрсеңіз денеңіздің ашық жерлерін мойыл мен шетеннің жапырағымен сылаңыз. Сонда сізге ешқандай маса жоламайды.

6. Лимон шырыны

Маса шаққан жерді лимон шырынымен суласаңыз, қызарғаны тез басылады.

7. Қасық

Алдымен қасықты ыстық суға салып, сосын маса шаққан жерге қойыңыз. Қасықты теріңізге қаттырақ басып, бірнеше минут ұстасаңыз, қышығаны қояды. 

Ж. Исакаев