Күн өтіп кетсе..

Күн өтіп кетсе..

Біз ыстық күннен қорғану, күн сәулесін өтпес үшін сақтық шараларын айтқан болатынбыз. Ендігі кезекте кеңестерге құлақ аспай, күн сәулесінің астында көп жүріп, қорғанбай қалып, өздерін нашар сезінетін жандарға қалай жәрдемдесу керектігін айтамыз.

Басын қорғамай, «күн өткен» кезде адам баласы күнсіп қалады. Оның себебі ыстық желкеден миға әсер етеді, сондықтан да әр түрлі белгілер біліне бастайды. Бас айналып, жүрегі қағып, тамыр соғуы жиілейді, ентігеді, кейде лоқсып құсады. Бет қызыл-көк тартып алаулап кетеді. Мұндай жағдайға қалай жәрдемдесу керек?

Алдымен, запа шеккен адамды көлеңкеге, жел соғып тұрған жерге апарып жатқызу керек. Басын жоғары көтеріп, астына сүлгі, киім-кешекті жастық қылып жастайды. Киімдерінің түймесін ағытып, тыныс алуға көмектеседі. Ауру есін жинап, өз-өзіне келсе, оған суық су ішкізіп, басына суық суға малынған шүберек басады. Есі кіргенше бетіне суық су бүркіп, мүсәтір спиртін иіскету қажет. Мүмкін болса бір-екі кесе кофе не ащы шәй ішкізген жөн. Ол жүрек қан тамырларының жұмысын жақсартады. Осыдан кейін дәрігер шақырту керек немесе жақын арадағы медициналық бөлімшеге апару қажет.

Жағажайда демалып, қатты қыздырынып, күн сәулесінен күйіп қалған жағдайда, денеңізді суық сумен шайыңыз. Денеңізді қаймақ, сүт немесе креммен сылап қойыңыз. Міндетті түрде, салқын су ішіп, көлеңке жерде тынығып демалыңыз. Кері жағдайда күнсіп қалуыңыз мүмкін.

Күнге қыздырынған қалыпта бірден суға түсуге болмайды. Алдымен көлеңкеде отырып, ыстықты басып алыңыз. Себебі, күн сәулесінің әсерінен қан тамыры кеңиіп, суға түскен жағдайда олар тарылып кетеді. Бұл жүрекке қатты әсер етеді.

Күн астында жүрместен бұрын, мына жайттарға назар аударыңыз:

  • Толық әйелдер арық әйелдерге қарағанда сезімтал келетінін ғалымдар дәлелдеген. Бірақ та, күн сәулесіне әсер ету әр адамның ағзасының төзімділігіне байланысты;
  • Әйелдер ерлерден гөрі күн сәулесіне шыдамды келеді. Алайда, бұған қарамастан, аптап ыстықта ер адамдарға да, әйел адамдарға да күннен қорғануы тиіс. Күн астында ұзақ жүруге тура келсе басқа жиегі жалпақ қалпақ киіп немесе шашты орамалмен орап алу керек.
  • Аптап ыстықта нейлон, синтетика сынды маталардан тігілген киімдерден аулақ болған жөн;
  • Сөмкеңіздің ішінде ылғалды майлықтардың болған абзал. Ыстықтаған кезде денеңізді сүртіп, ылғалдап қойыңыз.
  • Күн көзі барлық адамдарға жаға бермейді. Қан қысымы жоғары, қант диабеті, жүрек ауруы, ревматизм, туберкулез, қалқанша без сырқаты, өкпе эмфиземасы, жүйке жүйе ауруларына шалдыққан жандардың күн астында ұзақ жүрмегені абзал. Бұл жандар тіпті, күнге қыздырынбас бұрын дәрігерге, жолығып, оның ақыл-кеңесіне сүйенгені жөн.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: tolko-poleznoe.ru, blogozdorovie.ru

Ғ. Ұзақ