Таңмен оянамын десеңіз

Таңмен оянамын десеңіз

Жаңа жұмысқа шығып, не қосымша курстарға жазылдыңыз ба? Таңертең тұра алмай жүрсіз бе? Күнделікті кеш жатып, түс ауғанда оянатын адамға күн тәртібін бұзып, таң атпай оянған қиын, тіпті, мүмкін емес сияқты. Алайда мына кеңестер сізге осы жолда көмектеспек.

1. Бірден таңғы 6-да оянамын деп ойламаңыз. Күнде алдыңғы күннен 15-30 минут ертерек оянып үйреніңіз. Осылайша біртіндеп қажетті уақытыңызға дейін апарасыз.

2. Ұйқыға ерте жатыңыз. Негізі кеш жатпай-ақ ерте оянуға болады. Алайда күні бойы шаршап, көңіліңіз болмай, еш іс тындыра алмайсыз. Ал келесі күні екі күннің есесін ұйықтап тұрасыз. Сондықтан ұйқының қануы - шарт. Сол себепті ерте тұрамын десеңіз, ұйқыға ерте жатыңыз. Көбіміз ұйқыға ерте жатпауымыздың себептері - теледидар, ғаламтор және ұйқымыздың келмеуі. Ұйқыңыз келмесе де, төсекке жатып, қызықты кітап оқысаңыз, көп ұзамай ұйықтап қаласыз. 

3. Оятқышты төсектен алыс қойыңыз. Қасыңызда шырылдаған оятқышты, оянбай-ақ өшіре салуға болады. Ал алыста тұрған оятқышты өшіру үшін амалсыз тұрасыз. Тұрдыңыз ба? Демек ояндыңыз. Енді төсек жаққа қараушы болмаңыз!

4. Бөлмеңізден шығып кетіңіз. Оятқышты өшіріп, төсекке қайтқан сәттеріңіз болды ма? Оған жол бермеңіз! Оятқышты өшіргеннен кейін бөлмеңізден бірден шығып кетіңіз. Жуыныңыз, шай қойыңыз, әйтеуір оянғаныңызды сезінбегенше төсегіңіздің маңына жоламаңыз. 

5. Ойланбаңыз. "Ерте оянып қойыппын, әлі жарты сағат жата тұруға болады..." сынды ойларға жол бермеңіз! Жарты сағаттан кейін оянбайтындығыңызға кепіл беремін.

6. Күніңізді жоспарлап қойыңыз. Таңертеңге маңызды істерді қойып, күніңізді жоспарлап қойыңыз. Бұл сізді ерте тұруға ынталандырады. Таңертеңгі жаттығулар, қосымша курстар, жұмыс, басқа да шаруалар таңертең тез әрі оңай жасалынады.

7. Таң керемет өтсін. Әлбетте ерте оянған қиын, алайда сіздің таңыңыз керемет өтсе, келесі жолы еш қиындықсыз ояна аласыз. Өзіңізге кішігірім сыйлықтар жасаңыз. Ыстық кофе не шай, сүйікті кітабыңызды оқу, дәмді таңғы ас, таңның атуын тамашалау, не өзіңізбен тілдесіп, өзіңізге есеп беру. Әркім көңілінен шығатын іс таба алады. Таңыңыз осылайша сүйікті ісіңізбен басталса, оған еш оятқышсыз-ақ тұрасыз. 

8. Уақытыңызды тиімді пайдаланыңыз. Таң атпастан оянып, теледидар қарап жатқан дұрыс емес. Шаруа деген бітпейді: түскі ас әзірлеңіз, үй жинаңыз, жаттығулар жасаңыз, жүгіріңіз. Басқалар ояна алмай жатқан кезде, сіздің талай ісіңіз жасалынып қояды.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А